Бірпалаталы Құрылтай депутаттарының сайлауында Шымкент қаласының тұрғындары белсенділік танытып жатыр.
Қаладағы 233 сайлау учаскесінде азаматтар өз таңдауын жасау үшін дауыс беруге келуде.
Сайлауға қатысқандардың қатарында Шымкент қалалық мәслихатының VIII шақырылым депутаты, ADILET TV телеарнасының құрылтайшысы, жаны жомарт жан Исламбек Төлебаев пен кәсіпкер Мәдишер Нарсуллаұлы да бар.
Исламбек Төлебаев сайлаудың ел болашағы үшін маңызы зор екенін атап өтті.
«Бүгінгі мақсатымыз — еліміздің экономикасы мен келешегіне байланысты әр азаматтың дауыс беруі өте маңызды. Әркім өз таңдауын жасауы керек. Мен де өз таңдауымды жасадым»,-деді Шымкент қаласы мәслихатының VIII шақырылым депутаты, ADILET TV телеарнасының құрылтайшысы Исламбек Төлебаев.
Шымкент қаласындағы Сағадат Нұрмағанбетов атындағы №72 жалпы орта мектепте екі сайлау учаскесі орналасқан. Солардың бірі — №321 сайлау учаскесі. Мұнда 2 452 сайлаушы тіркелген.
Сайлау учаскесінің комиссия төрағасы Раушан Рсымбетованың айтуынша, тұрғындар дауыс беруге белсенді қатысып жатыр.
«Бүгін, 23 тамызда, Құрылтай депутаттарының сайлауы өтіп жатыр. Халық белсенді. Біздің учаскеде 2 452 сайлаушы тіркелген. Сағат 12:00-ге дейін 1 293 сайлаушы келіп, өз дауысын берді. Бұл — халқымыз үшін тарихи кезең. Алда үлкен үмітіміз бар» , -деді №321 сайлау учаскесінің комиссия төрағасы Раушан Рсымбетова.
Айта кетейік, дауыс беру учаскелері кешкі сағат 20:00-ге дейін жұмыс істейді. Сайлаушыларды өз таңдауын жасап, азаматтық белсенділік танытуға шақырады.
Әрбір дауыс — ел болашағына жасалған таңдау.


