Қазақстанда тұрғын үй жағдайын жақсартуға арналған мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну тәртібі өзгерді. Жаңа ережелер коммуналдық тұрғын үй қорындағы және әкімдіктер жалдаған баспаналарды бөлу тәртібін, сондай-ақ жеңілдетілген ипотекаға өтінім қабылдау кезінде қолданылатын квоталарды айқындайды.
Басымдық жетім балалар мен әлеуметтік осал санаттарға беріледі
Жаңа тәртіпке сәйкес, баспананың жалпы көлемінің кемінде 20 пайызы жетім балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға берілуі тиіс.
Ал кемінде 50 пайызы әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға бөлінеді. Олардың қатарында Ұлы Отан соғысының ардагерлері, басқа мемлекеттер аумағындағы әскери іс-қимылдардың ардагерлері, I және II топтағы мүгедектігі бар адамдар, мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, жесірлер, көпбалалы аналар мен отбасылар, сондай-ақ отбасы құрамында мүгедектігі бар адам бар азаматтар қамтылады.
Егер осы санаттар бойынша өтініш берушілердің саны азайса немесе олар белгіленген талаптарға сәйкес келмесе, қалған баспана «Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығында» немесе бірыңғай республикалық базада кезекте тұрған басқа азаматтарға беріледі.
Отбасының табысы да ескеріледі
Жаңа ережелер баспана алуға үміткерлердің табысына қойылатын талаптарды да нақтылайды. Соңғы алты айдағы отбасының жан басына шаққандағы табысы:
- үш және одан да көп адамнан тұратын отбасылар үшін — күнкөріс деңгейінің екі еселенген мөлшерінен;
- екі адамнан тұратын отбасылар үшін — 3,5 еселенген мөлшерінен;
- жалғызбасты азаматтар үшін — 5,5 еселенген мөлшерінен аспауы тиіс.
Бұл ретте табыстың болмауы да ескеріледі.
Баспана беру кезінде азамат пен оның отбасы мүшелерінің Қазақстан аумағында еңбек және кәсіпкерлік қызметтен алған табыстары есепке алынады.
Квоталар жеңілдетілген ипотекаға да қолданылады
20 және 50 пайыздық квоталар Отбасы банкі жүйесі арқылы берілетін жеңілдетілген ипотекалық займдарға да қолданылады. Өтінімдерді бөлу процесі ақпараттық жүйе арқылы автоматты түрде жүзеге асырылады.
Жылдық 2 пайыздық жеңілдетілген ипотеканы алу үшін соңғы алты айдағы еңбек немесе кәсіпкерлік қызметтен түскен жан басына шаққандағы табыс бес күнкөріс деңгейінен аспауы қажет.
Ал жылдық 5 және 7 пайыздық ипотекалық займдарға тұрғын үй кезегінде тұрған және Қазақстанда еңбек немесе кәсіпкерлік қызметтен ресми табысы бар азаматтар қатыса алады.
Жаңа ережелер бұйрық ресми жарияланғаннан кейін 10 күнтізбелік күн өткен соң күшіне енеді.
Айта кетейік, «2-10-20» және «5-10-20» бағдарламалары аясындағы тұрғын үйлерді әкімдіктер салады, ал пәтерлер Baspana Market порталы арқылы бөлінеді.


