24 қазанда Қазақстанның төрт қаласында ауаның ластануына ықпал етуі мүмкін қолайсыз метеорологиялық жағдайлар болжанып отыр. Осыған байланысты тұрғындарға күнделікті жүріп-тұру бағытын жоспарлау кезінде ауа райының ерекшеліктерін ескеріп, сақтық шараларын ұстану ұсынылады.
Мамандардың мәліметінше, қолайсыз метеорологиялық жағдайлар күндіз Ақтөбе мен Алматы қалаларында, ал түнгі уақытта Астана және Көкшетау қалаларында күтіледі.
Қолайсыз метеорологиялық жағдайлар дегеніміз – желсіздік, желдің баяу соғуы, тұман және температуралық инверсия сияқты атмосфералық құбылыстардың қатар келуі. Мұндай кезде зиянды заттардың жерге жақын ауа қабатында жиналуына қолайлы жағдай қалыптасады. Соның салдарынан елді мекендердегі ауа сапасы нашарлап, адам денсаулығына кері әсер етуі мүмкін.
Атмосфералық ауаның ластану деңгейіне синоптикалық жағдай да айтарлықтай ықпал етеді. Атап айтқанда, желдің бағыты мен жылдамдығы, жауын-шашын, ауа ылғалдылығы және температура көрсеткіштері ластаушы заттардың таралуына әсер етеді.
Мамандар тұрғындарға қандай кеңес береді?
Қолайсыз метеорологиялық жағдай кезінде денсаулықты қорғау үшін бірнеше қарапайым сақтық шарасын орындаған жөн:
- Ашық ауада болу уақытын қысқартып, әсіресе автомобиль жолдары мен ластану көздеріне жақын аумақтарда ұзақ жүрмеу керек.
- Балалар мен жүкті әйелдерге ұзақ уақыт серуендеуден бас тарту ұсынылады.
- Өкпенің созылмалы аурулары, жүрек-қан тамырлары және аллергиялық аурулары бар адамдар сыртқа шыққанда өздеріне қажетті дәрі-дәрмектерін алып жүргені дұрыс.
- Даладағы дене жаттығулары мен қарқынды физикалық жүктемені шектеген жөн. Спортпен жабық спорт кешендерінде айналысу ұсынылады.
Айта кетейік, 24 қазанға Қазақстанның 16 облысында дауылды ескерту жарияланған. Алматы мен Шымкент қалаларында үсік пен қатты жел күтіледі. Сондай-ақ елдің бірқатар өңірінде қар жауып, боран, көктайғақ, тұман және шаңды дауыл болуы мүмкін.
Осыған байланысты тұрғындарға ауа райы болжамдарын қадағалап, денсаулық пен қауіпсіздікке қатысты сақтық шараларын назардан тыс қалдырмау маңызды.


