Құрылтай депутаты әрі «Қазақстан Республикасы – Еуропалық Одақ» парламенттік ынтымақтастық комитетінің тең төрағасы Сатыбалды Бұршақов Еуропалық Одақтың Қазақстандағы Елшісі Алешка Симкичпен кездесті. Тараптар екіжақты қарым-қатынастың қазіргі жағдайы мен алдағы даму бағыттарын талқылады.
Кездесу барысында Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы парламентаралық диалогты одан әрі дамыту мәселесіне ерекше назар аударылды. Сонымен қатар Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Брюссельге жасаған ресми сапарының нәтижелері оң бағаланды. Тараптардың пікірінше, бұл сапар өзара байланысты кеңейтіп, жан-жақты ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік берді.
Келіссөздердің маңызды бөлігі Астанада өтетін «Қазақстан Республикасы – Еуропалық Одақ» парламенттік ынтымақтастық комитетінің 23-ші отырысына дайындыққа арналды. Алдағы жиынға Құрылтай мен Еуропалық Парламент депутаттарының қатысуы жоспарланған.
Отырыс аясында саяси диалогты дамыту, халықаралық қауіпсіздік мәселелері, сауда-экономикалық байланыстар мен инвестициялық әріптестікті кеңейту бағыттары қарастырылады. Бұған қоса, көлік-логистика саласындағы ынтымақтастық пен білім беру мәселелері де күн тәртібіне енгізіледі.
Кездесу Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы парламентаралық өзара іс-қимылды нығайтуға және екіжақты ынтымақтастықтың басым бағыттары бойынша пікір алмасуды жалғастыруға бағытталды.


