Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау вице-министрі Ербол Оспанов бастаған делегация Сеул қаласында өткен Дүниежүзілік биосаммитке қатысты. Сапар барысында қазақстандық өкілдер Оңтүстік Кореяның денсаулық сақтау саласындағы тәжірибесімен танысып, медицинаны цифрландыру мен жасанды интеллект технологияларын енгізу мәселелеріне назар аударды.
Корея Республикасының Денсаулық сақтау вице-министрімен өткен кездесуде электрондық денсаулық сақтау жүйесін дамыту, медициналық мекемелерде жасанды интеллектіні қолдану талаптарын біріздендіру және цифрлық жүйелерді құқықтық реттеу мәселелері қарастырылды. Тараптар осы бағыттардағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктерін талқылады.
Қазақстан делегациясы Кореяның денсаулық сақтау саласындағы сараптамалық институттарының жұмысын да зерделеді. KHIDI және HIRA ұйымдарының өкілдерімен кездесулерде цифрлық инновацияларды, стартаптарды және жасанды интеллект негізіндегі шешімдерді медициналық тәжірибеге енгізу жолдары қаралды.
Атап айтқанда, Кореяның денсаулық сақтандыруын зерттеу және бағалау институтымен (HIRA) өткен талқылауларда жасанды интеллект пен үлкен деректерді медициналық ақпаратты талдауға, сақтандыру жүйесінің жұмысын оңтайландыруға және тәуекелдерді басқаруға пайдалану мүмкіндіктері сөз болды.
Сонымен қатар делегация Оңтүстік Кореядағы емханалар мен алғашқы медициналық-санитариялық көмек орталықтарының қызметімен танысты. Электрондық медициналық карталарды жүргізу, амбулаториялық көмекті цифрландыру және пациенттердің медициналық қызмет алу барысын үйлестіру тәжірибесіне ерекше көңіл бөлінді.
Сапар аясында денсаулық сақтау саласына арналған цифрлық платформалар мен жасанды интеллект жүйелерін әзірлейтін Оңтүстік Кореяның IT және биотехнологиялық компанияларымен де кездесулер өткізілді. Тараптар жаңа технологияларды медициналық жүйеге біріктіру, оларды тәжірибеде қолдану және коммерцияландыру мәселелерін талқылады.
Кездесулер барысында кореялық тәжірибені Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесіне бейімдеу мүмкіндіктері қарастырылды. Бұл бағыттағы жұмыстар медициналық қызметтерді цифрландыруға, заманауи технологияларды қолдануға және денсаулық сақтау саласындағы инновациялық шешімдерді дамытуға негіз бола алады.


