Республика күні қарсаңында Бейжің қаласындағы Қазақстан мәдениет орталығында Қызылорда облысының өнерпаздары қатысқан «Сұлу Сырдан сазды сәлем» атты мерекелік концерт өтті. Шара қазақ халқының ұлттық өнері мен мәдени мұрасын Қытай көрермендеріне таныстыруға арналды.
Концерт Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени алмасу жылы аясында ұйымдастырылды. Іс-шараға Қызылорда облысының әкімдігі мен Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы елшілігі қолдау көрсетті. Кешке шығармашылық орта өкілдері, жергілікті тұрғындар, студенттер және қазақ диаспорасының мүшелері қатысты.
Мерекелік бағдарламада Қызылорда облыстық филармониясының фольклорлық ансамблі мен өңірдің белгілі өнерпаздары өнер көрсетті. Үш дүркін «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязов, «Құрмет» орденінің иегерлері Шолпан Бимбетова, Ақмарал Ноғайбаева, Самал Байсейітова және Индира Елубаева көрерменге әннен шашу шашты. Сондай-ақ «Томирис» би ансамблі қазақтың ұлттық билерін орындап, кештің көркін аша түсті.
Концерт барысында Сыр өңірінің бай музыкалық мұрасынан сыр шертетін дәстүрлі әндер мен күйлер шырқалды. Ұлттық әуендер арқылы көрермендер қазақ халқының өнері мен рухани құндылықтарына жақындай түсті.
«Сұлу Сырдан сазды сәлем» концерті Қазақстанның мәдени мұрасын халықаралық деңгейде насихаттауға және екі ел арасындағы гуманитарлық байланыстарды нығайтуға үлес қосты. Сонымен қатар шара шетелдегі қазақ диаспорасына ұлттық өнерді жақындатып, Республика күні мерекесінің маңызын айшықтады.


