Қазақстан халқының несие қарызы бір жылда 3,3 трлн теңгеге өсіп, 27,8 трлн теңгеге жетті. Бұл туралы Ұлттық банктің 2026 жылғы 1 шілдедегі деректері көрсетіп отыр. Ұлттық банктің мәліметінше, қазіргі таңда Қазақстан экономикасына берілген кредиттердің жалпы көлемі 53,2 трлн теңгені құрайды. Оның 27,8 трлн теңгесі халықтың қарызына тиесілі. Салыстырмалы түрде қарасақ, 2025 жылдың шілдесінде қазақстандықтардың несие көлемі 24,5 трлн теңге болған. Осылайша, бір жылдың ішінде халықтың кредиттік қарызы 3,3 трлн теңгеге, яғни шамамен 13,5 пайызға артқан.
Бизнестің қарызы да көбейген
Бизнеске берілген кредит көлемі биылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша 25,4 трлн теңгеге жетті. Былтыр шілдеде компаниялар мен кәсіпкерлердің банктер алдындағы қарызы 21,1 трлн теңге болған. Жалпы, бір жыл ішінде Қазақстан экономикасына берілген кредит көлемі 16,5 пайызға өскен. Сонымен қатар ипотекалық ұйымдар берген қарыздың көлемі 4,4 трлн теңгені құраса, микроқаржы ұйымдарының кредиттері 3,1 трлн теңгеге жеткен.
Кредит нарығын «суытуға» тырысып жатыр
Халықтың қарыз жүктемесінің өсуіне байланысты Үкімет пен қаржы нарығын реттеуші органдар кредит нарығын тежеу үшін бірқатар шара қабылдап жатыр. Атап айтқанда, несие беру талаптары мен қарыз алушыларға қойылатын талаптар күшейтілуде. Банктер де жаңа клиенттерді тартудан гөрі, бұрыннан келе жатқан сенімді қарыз алушыларға басымдық бере бастаған. Биыл бірнеше жыл ішінде алғаш рет жаңа борышкерлер саны 32 мың адамға азайған. Бұл кредит нарығындағы сұранысты шектеуге бағытталған шаралардың алғашқы нәтижелерінің бірі болуы мүмкін. Соған қарамастан, халықтың жалпы несие көлемі әлі де өсіп келеді. Сарапшылар үшін бұл қазақстандықтардың қарыз қаражатына сұранысы жоғары болып отырғанын көрсететін маңызды көрсеткіштердің бірі.


