Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Лаос Президенті Тхонглун Сисулит шағын құрамда келіссөз жүргізді.
Кездесуде екіжақты қарым-қатынастың қазіргі жағдайы мен оны одан әрі дамыту перспективалары талқыланды. Мемлекет басшысы Лаос Президентінің Қазақстанға алғашқы ресми сапарының маңыздылығын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев келесі жылы Қазақстан мен Лаос арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толатынын айтты. Оның сөзінше, екі ел арасында достық байланыс қалыптасқан және мемлекеттер халықаралық ұйымдар, соның ішінде БҰҰ аясында өзара ынтымақтастық орнатып келеді.
Президент сондай-ақ Лаостың Қазақстанның Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі аясындағы бастамаларын қолдағанын атап өтіп, алдағы уақытта қол жеткізілген келісімдерді жүзеге асыруда екі ел үкіметтерінің белсенді жұмыс істейтініне сенім білдірді.
Мемлекет басшысы Лаосты Қазақстанның Оңтүстік-Шығыс Азиядағы маңызды әрі сенімді серіктесі ретінде бағалайтынын жеткізді.


