Шымкенттен алғашқы 23 жас азамат күзгі әскерге шақыру науқаны аясында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі қатарына аттанды.
Биыл Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге шақырылған жастарды қабылдау 1 қыркүйектен басталып, 31 желтоқсанға дейін жалғасады. Алғашқы сарбаздар Жамбыл облысының Қордай ауданына жіберілді. Әскерге шақырылған азаматтардың барлығы медициналық тексерістен өтіп, қажетті дайындықтан өткен. Енді олар Отан шебін күзетіп, ел тыныштығын қорғау жолында әскери борышын өтейді.
Қатарда сап үзеп, Отан алдындағы борышын өтеуге дайын тұрған азаматтардың арасында 18 жастағы Мейрамбек Рүстембекұлы да бар. Ол елге қызмет етіп, борышын өтеу әр азаматтың міндеті деп санайды. Мейрамбек колледжде IT саласы бойынша білім алған. Әскери қызметтен кейін осы бағытта жұмысын жалғастыруды жоспарлап отыр. Жас азамат әскерге өз еркімен барғанын айтады. Енді ол әскери қатал тәртіпке бейімделіп, Отан алдындағы борышын абыроймен өтеуге дайын.
МЕЙРАМБЕК РҮСТЕМҰЛЫ, ЖАС САРБАЗ
Мен 9-ды бітіргеннен кейін армияға баруды өзім қаладым. Ол ер азаматтың міндеті армияға барып келу деген. Барлық ер азамат білу керек деп ойлаймын. Құдай қаласа 1 жыл өтіп кетеді. Барлық ер азаматқа айтарым барып келіңдер армияға.
Салтанатты шара 35748 әскери бөлімінің оркестрімен сүйемелденді. Жиынға жиналғандар жас сарбаздарға сәттілік пен ақ жол тіледі. Әскери бөлім командирі Әбдіғабит Шегебаев қызмет барысында мамандықты жақсы меңгерудің маңызына тоқталды. Айтуынша, биыл күзгі әскерге шақыру науқаны аясында Шымкенттен Шекара қызметіне 18 бен 27 жас аралығындағы 200-ден астам жасты жіберу жоспарланған. Ал жалпы күзгі шақыру науқанда мыңнан астам азамат әскер қатарына алынады.
ӘБДІҒАБИТ ШЕГЕБАЕВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ҚОРҒАНЫС ІСТЕР ЖӨНІНДЕГІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСТЫҒЫ, ПОЛКОВНИК
Балалардың барлығымен сұхбаттасып, олардың ата-анасы, отбасы жағдайы және денсаулық жағдайы қадағаланды. Барлығының аудиожазбасы, видеожазбасы бар. Балалардың барлығы өз еркімен келісіп, баруға деген құштарлығы көктемге қарағанда жақсы.
Денсаулық жағдайлары жаман емес. Қазір Шекара қызметіне қабылдау-жинақтау бекетінде 50-ге жуық бала тұр. Олардың барлығының құжаттары мен жұмыстары зерделенеді. Шекара қызметіне қабылданбас бұрын полиграфтан, психологтан, медициналық комиссиядан және дәрігерлердің тексеруінен өтеді.
САПАРҒАЛИ ТҮЙМЕБЕКОВ, ШЕКАРА ҚЫЗМЕТІНІҢ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ЖӘНЕ ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ БОЙЫНША АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ
Оқу далалық жиынында болады. Содан кейін өздерінің алған тәжірибелерін, шекараны күзетуді көрсетеді. Мемлекеттік шекарада күнделікті бұйрық алып отырады. Күн демей, ауа райының күрделілігіне қарамай, қар жауып тұрса да, жаңбыр жауып тұрса да, бұйрықты орындау мақсатында шекарамызға сызат түсірмей, контрабанда мен шекара бұзушылардың алдын алу бойынша тосқауыл қоюға әрекет жасап, қызметтерін атқаратын болады.
Бір жыл мерзімді әскери қызметті атқарып болғаннан кейін Шекара қызметіне келіп, келісімшарт бойынша қызмет атқаруларына болады. Немесе жоғары оқу орындарына түсіп, «шекарашы офицер боламын» десе, әрі қарай өмірлерін әскери мамандықпен жалғастыруына мүмкіндік бар.
Биылғы шақыру науқанында жаңа цифрлық жүйе қолданысқа енді. Азаматтарды медициналық тексеруден өткізу кезінде «Face ID» технологиясы пайдаланылады. Яғни, тексеруге келген әрбір шақырылушының бет-бейнесі арнайы жүйе арқылы сканерленеді. Бұл оның медициналық сараптамадан нақты қашан өткенін электронды түрде тіркейді. Шара соңында шекарашылар өздерінің жауынгерлік дайындығын көрсетті. Арнайы бөлімше әскери қызметшілері қоян-қолтық ұрыстан шеберлігін танытып, кәсіби машықтарын ортаға салды.
Байгөбек Қарлығаш

