Қазақстан мен Ресей атом электр станциясын жобалау, қажетті жабдықтарды жеткізу және құрылыс жұмыстарын жүргізу жөніндегі келісімшартқа қол қойды.
Келісімге сәйкес, АЭС құрылысы 2027 жылы Балқаш көлінің жағалауындағы Үлкен кентінде басталуы жоспарланған. Станцияның жалпы құны шамамен 16,4 миллиард АҚШ долларын құрайды.
Жобада алғашқы энергоблокты алғашқы бетон құйылғаннан кейін жеті жыл ішінде іске қосу көзделген. Осы жоспарға сәйкес, бірінші блоктың пайдалануға берілуі 2034 жылға межеленіп отыр.
Бұған дейін Атом энергетикасы агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев атом электр станциясын салу жұмыстарының толық циклі әдетте 10 жылға дейін созылуы мүмкін екенін айтқан.


