Отбасы – қоғамның берік тірегі. Шымкентте «Мерейлі отбасы – 2026» ұлттық байқауының қалалық кезеңі қорытындыланып үздік жанұялар анықталды. Бес ауданынан 48 жанұя өтінім берген. Екі айға жуық уақытқа созылған іріктеу нәтижесінде 12 әулет үздік деп танылды. Қазылар алқасы үміткерлердің тек отбасылық өнегесіне ғана емес, білім мен ғылымдағы, мәдениет пен спорттағы және өзге де бағыттағы жетістіктеріне назар аударды. Қалалық кезеңнің жүлде қоры 2,9 млн теңгені құрады.
Бас жүлдені Абай ауданының Қожамжаровтар отбасы жеңіп алып, 1 миллион теңгенің сертификатына ие болды. Әулеттің үлкені Сейдахмет Қожамжаров – ұзақ жылдар ұстаздық жолда еңбек еткен. Жұбайы Зылиха Пернебековамен бірге 10 баланы тәрбиелеп өсірген. Бүгінде ұрпақтары ғылым мен білімнен бастап, медицина, өнер, спорт, әскери және қоғамдық салаларда жемісті еңбек етіп жүр. Әулетте 1 академик, 2 профессор, 6 ғылым магистрі бар. Ал шаңырақтың шырайын кіргізіп отырған 33 немере де ата-әжесінің тәрбиесін алып келеді.
СЕЙДАХМЕТ ҚОЖАМЖАРОВ
Жеңімпаз болудың негізгі шарттары отбасының жетістігі ғой. Біз қала бойынша мынау ғылым,білім,өнер,мәдениет саласының барлығын спорт саласының бәрін меңгерген отбасымыз. Отбасымызда 10 бала шаға,33 немере,7 щөбере бар. Бірі академик, бір доктор, бір профессор,1 кандидат,6 ғылым магистрі бар. Отбасы құндылығы-өте маңызды нәрсе. Мен өзім психолог ретінде айтайын.Бұл әрбір отбасы мүшесіне, оның келешігіне мән беру. Оның бойындағы құндылықтарын аша білу,дамыта білуоны жоғарғы деңгейге жеткізе білу оңай нәрсе емес ағайын!
«Мерейлі отбасы» байқауы Қазақстанда 2014 жылдан бері өткізіліп келеді. Жоба отбасы құндылықтарын дәріптеуге, ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға және отбасы институтын қолдауға бағытталған.
СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
Мына біздің «Мерейлі отбасы» іс шарасының биылғы кезеңі, биылғы ұйымдастырылуы осы конститутцияның, халықтық конститутцияның қабылдануымен тұспа тұс келіп отыр. Бұған осы Мерейлі отбасына қатысып келе жатқан сіздер жалпы отбасылық құндылықтарды дамытып отырған отбасылардың тікелей қатысы бар екенін айтқымыз келеді. Бүгінгі шарамен тағыда құттықтай отырып осы іс шараға қатысқандарыңыз үшін үлкен ризашылығымды рақметімді айтқым келеді.
АЗАМАТ ПАРМАНОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ІШКІ САЯСАТ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Бұл мерейлі отбасының басты мақсаты отбасылық құндылықтарды насихаттау. Білесіздер бұл президентіміздің бастамасымен қолға алынған жоба. Бұл жоба енді іріктелуінің себебі қатысатын ешқандай себеп жоқ. Бұл жерде енді басты жеңімпаздарды анықтаған кезде біздерде қоғамдық ұйымдардан,үкіметтік емес ұйымдардан,БАҚ өкілдерінен,ардагерлер ұйымдарынан арнайы комиссия құрылған. Аудандық деңгейдеде қалалық деңгейдеде құрылды. Соның аясында анықталды.
Жиын барысында байқауға қатысқан 142 отбасының барлығына қала әкімінің алғыс хаты табысталып, теледидар сыйға берілді. Ал бас жүлдені иеленген Қожамжаровтар әулеті енді Шымкенттің намысын республикалық кезеңде қорғайды. Ұлттық байқаудың жеңімпаздарын марапаттау рәсімі 11 қыркүйекте Астана қаласында өтеді.
Байгөбек Қарлығаш

