Қазақстанның республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында 1 114 санитарлық-гигиеналық торап (СГТ) жұмыс істейді.
Оның 180-і жылы, 934-і суық санитарлық торап. Жол бойындағы санитарлық инфрақұрылым жүргізушілер мен жолаушыларға қолайлы жағдай жасаудың маңызды бөлігі саналады.
Санитарлық инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жалғасып жатыр. 2025 жылы республикалық автожолдар бойында 37 санитарлық-гигиеналық торап орнатылды. Ал 2026 жылдың соңына дейін тағы 13 жылы СГТ орнату жоспарланып отыр.
Жаңа нысандар көлік қозғалысының қарқындылығы, жол учаскелерінің ерекшеліктері және жол пайдаланушылардың нақты қажеттілігі ескеріле отырып орналастырылады.
Жол бойында 1,4 мыңнан астам сервистік нысан бар
Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында 1 443 жол бойындағы сервис нысаны орналасқан. Олардың қатарында жанармай құю станциялары, қоғамдық тамақтану орындары, кемпингтер, қонақ үйлер мен басқа да қызмет көрсету нысандары бар.
Олардың құрамында жол қозғалысына қатысушылар пайдалана алатын санитарлық тораптар да қарастырылған.
Санитарлық жағдай тұрақты бақылауда
Санитарлық-гигиеналық тораптарды күтіп ұстау және санитарлық өңдеу жұмыстары тұрақты түрде жүргізіледі. Нысандардың жағдайына «ҚАЖсервис» ЖШС қызметкерлері, сондай-ақ жол бойындағы сервис нысандарының иелері мен жалға алушылары жауапты.
Жинау жұмыстарының жиілігі көлік қозғалысының қарқындылығы мен санитарлық тораптарды пайдаланушылардың санына қарай белгіленеді.
Бұл шаралар жол бойындағы санитарлық инфрақұрылымды тиісті деңгейде ұстап, жүргізушілер мен жолаушыларға сапалы әрі қолайлы жағдай жасауға бағытталған.


