Жаңа оқу жылында Қазақстан мектептерінің бірінші сыныптарына ерекше білім беру қажеттілігі бар 4 мыңға жуық бала қабылданады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі Kazinform агенттігінің сауалына берген жауабында мәлімдеді.
Министрлік мәліметінше, ерекше білім беру қажеттілігі бар оқушыларды оқу процесіне бейімдеу үшін мектептерде арнайы қолдау тетіктері қарастырылған.
Педагог-ассистенттер балаларға көмектеседі
Жаңа оқу жылында мектептерде 6 мыңнан астам педагог-ассистент жұмыс істеп, ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға жеке сүйемелдеу көрсетеді. Олар оқушылардың сабаққа бейімделуіне және оқу процесіне қатысуына көмектеседі.
Сонымен қатар мектептерде балаларға психологиялық-педагогикалық қолдау көрсетуге арналған арнайы кабинеттер жұмыс істейді.
Қазіргі таңда Қазақстанның жалпы білім беретін мектептерінде ерекше білім беру қажеттілігі бар 96 мыңнан астам бала инклюзивті ортада білім алып жатыр. Мұндай оқушыларға қолдау көрсету үшін елдегі мыңнан астам мектепте арнайы кабинеттер ашылған.
Жалпы, 2026–2027 оқу жылында Қазақстан мектептерінің бірінші сыныптарына 380 мыңнан астам бала қабылданады. Оның 4 мыңға жуығы — ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар.


