Білім күні Жетісай ауданында үлкен қуаныш – Алтын кемер елді мекенінде 200 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді. Бұған дейін кеңестік заманда салынған ыңғайластырылған ескі ғимаратта оқыған ауыл балалары енді толық жабдықталған зәулім мектепте білім алады.
Жаңа білім ордасы ауыл балаларына сапалы білім алуға барлық мүмкіндік жасалған жайлы әрі заманауи орта қалыптастырды. Кең әрі жарық оқу кабинеттері, пәндік кабинеттер, зертханалар, информатика кабинеті, кітапхана, спорт залы, асхана және медициналық кабинет қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған.Мектеп аумағында оқушылардың спортпен шұғылданып, бос уақытын тиімді өткізуіне арналған алаңдар да қарастырылған. Бұл – шәкірттердің жан-жақты дамуына жасалған үлкен мүмкіндік.
НҰРБОЛ ТҰРАШБЕКОВ – ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
Жетісай ауданындағы Алтын кемер елді мекенінде 200 орындық мектептің құрылысы аяқталып, ашылуымен куә болып отырмыз. Осы кездесуді пайдалана отырып, жалпы еліміздің, Түркістан облысының ұстаздар қауымын, қымбатты оқушыларымызды Білім күні мерекесімен және жаңа оқу жылының басталуымен құттықтаймын.
Жаңа мектептің бой көтеруі – ауыл тұрғындары үшін үлкен қуаныш, ұстаздар мен оқушылар үшін жаңа серпін. Заманауи білім ордасы білім сапасын арттырып, жас ұрпақтың биік белестерді бағындыруына жол ашатынына сенім мол.
ТОЛҚЫН АЙГЕНЖИЕВА – ЖЕТІСАЙ АУДАНЫ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ
Биыл біздің ауданымызда 88 білім беру ұйымы жұмыс істейді. Оның 77-сі мемлекеттік мекеме болса, 11-і – жекеменшік мектеп. Білім беру ұйымдарында жалпы 47 860 бала білім алуда. Биыл 1-сыныпқа 4 500 оқушы қабылданды. Ауданымызда 2 мектеп күрделі жөндеуден өтті. Олар – «Түркістан мектебі» және «Достық» мектебі. Сонымен қатар 7 мектепте ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Айта кетейік: Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес ауданда білім инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Қазір №57 «Сарыарқа» мектебінің құрылысы жүріп жатыр. 2 мектепке реновация, 7 мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Жаңа мектеп – Жетісай жастарының жарқын болашағына жасалған үлкен қадам!

