Қыркүйек айынан бастап Жаңаөзен қаласындағы 25 мектептің оқушыларына түйе сүтінен дайындалатын дәстүрлі сусын – шұбат беріледі. Бұл – ұлттық сусынды мектеп оқушыларының тамақтану рационына жүйелі түрде енгізуге бағытталған Қазақстандағы алғашқы жоба, деп хабарлайды Маңғыстау облысының әкімдігі.
Жоба, ең алдымен, балалардың денсаулығын нығайтуға және олардың табиғи әрі сапалы өнім тұтынуын қамтамасыз етуге бағытталған. Құнарлы сусынның құрамында ақуыз, кальций, фосфор, В тобының дәрумендері және ағзаға қажетті басқа да пайдалы заттар бар.
Жоба жаңа өндіріс орнының іске қосылуы аясында жүзеге асырылуда. Жалпы аумағы 300 шаршы метр болатын өндірістік алаң жылына 400 тоннаға дейін өнім өндіруге қауқарлы.
Кәсіпорында түйе сүтін қабылдау және өңдеу, шұбат дайындау, дайын өнімді құю және сақтау процестері жолға қойылған. Жаңа өндірістің іске қосылуы жергілікті түйе шаруашылығы қожалықтары үшін де қосымша мүмкіндік ашып, олардың өнімдеріне тұрақты сұраныс қалыптастыруға жол береді.
Биыл 12 қаңтарда «Жаңаөзен сүт зауытында» құрғақ түйе сүтін өндіретін цех іске қосылған болатын. Ал шұбат өндіру және құюға арналған жаңа цехтың ашылуы кәсіпорынның өндірістік қуатын арттыру бағытындағы жұмыстың жалғасы болды.
Осылайша, Маңғыстау облысы елімізде алғашқылардың бірі болып ұлттық сусынды мектеп тағамтану жүйесіне енгізу бағытында маңызды қадам жасап отыр. Қыркүйек айынан бастап Жаңаөзен қаласындағы 25 мектептің оқушылары жергілікті жерде өндірілген табиғи шұбатпен қамтамасыз етіледі.
Бұл бастама балалардың денсаулығына қамқорлық жасаумен қатар, отандық өндірісті, ауыл шаруашылығы мен түйе шаруашылығын дамытуға, сондай-ақ ұлттық тағам дәстүрін дәріптеуге бағытталған.


