Қазақстанда Солтүстік Аралды қалпына келтіру және Каспий теңізінің су ресурстарын сақтау бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр. Бұл шаралар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмалары аясында жүзеге асырылуда.
Солтүстік Аралдағы су көлемі жыл сайын артып келеді. Бүгінде теңізде 23,4 млрд текше метр су жиналған. 2022 жылы бұл көрсеткіш 19 млрд, 2023 жылы 21 млрд, 2024 жылы 22 млрд, ал 2025 жылдың қорытындысында 23 млрд текше метр болған. Жыл басынан бері теңізге шамамен 1,5 млрд текше метр су жіберілді.
Соңғы 20 жылдан астам уақыттағы жұмыстардың нәтижесінде Солтүстік Аралдың аумағы 36%-ға ұлғайып, су көлемі екі есеге жуық артқан. Сонымен қатар судың минералдану деңгейі екі есе төмендеп, су экожүйесінің қалпына келуіне жағдай жасалды.
Қол жеткізілген көрсеткіштерді сақтау үшін Су ресурстары және ирригация министрлігі жыл сайын Сырдария өзені арқылы Солтүстік Аралға кемінде 2 млрд текше метр су жіберуді қамтамасыз етеді.
Үкімет Дүниежүзілік банкпен бірлесіп, Солтүстік Аралды қалпына келтірудің келесі кезеңін де әзірледі. Жоба Көкарал бөгетін реконструкциялап, теңіздегі су деңгейін Балтық жүйесі бойынша 44 метрге дейін көтеруді көздейді. Алдағы 5–6 жылда су айдынының аумағын 3,9 мың шаршы шақырымға, ал су көлемін 34 млрд текше метрге дейін жеткізу жоспарланған.
Сонымен бірге Түркістан және Қызылорда облыстарындағы Арал–Сырдария бассейнінде ирригациялық жүйелерді жаңғырту және автоматтандыру бойынша 160-тан астам жоба іске асырылмақ. Бұл су шығынын азайтып, үнемделген суды Солтүстік Аралға бағыттауға мүмкіндік береді.
Аралдың құрғаған табанында да жұмыстар жүргізілуде. Мұнда сексеуіл мен галофитті өсімдіктер егіліп, шөлейттенуге қарсы орман мелиорациясы жүзеге асырылып жатыр. Бүгінде теңіз табанына 3,4 мың тонна сексеуіл тұқымы мен галофитті өсімдік егілді, 56,2 млн сексеуіл көшеті отырғызылды. Жалпы орман мелиорациялық жұмыстардың көлемі 1,1 млн гектарға жетті.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, алдағы уақытта сексеуіл алқаптарының аумағын 1–1,5 млн гектарға дейін жеткізу көзделіп отыр.
Каспий теңізін сақтау бағытында да бірқатар жоба жүзеге асырылуда. Қазақстан жағалаудағы мемлекеттермен бірлесіп, Каспий теңізінің су ресурстарын сақтау жөніндегі мемлекетаралық бағдарлама әзірлеуге дайындық жүргізіп жатыр.
Ақтауда өткен Каспий теңізі жөніндегі жоғары деңгейдегі диалогта теңіз деңгейінің төмендеуі, биоалуантүрлілікті қорғау, ластанумен күрес, теңіз қоқысын азайту және су ресурстарын бақылау мәселелері талқыланды.
Жапония Үкіметінің қолдауымен Каспий теңізінің тайыздануының салдарын бағалауға және азайтуға бағытталған арнайы жоба іске қосылды. Сонымен қатар БҰҰ Даму бағдарламасымен және халықаралық серіктестермен теңіз және жағалау ресурстарын тиімді басқару, қалдықтарды азайту және Каспийдің биоалуантүрлілігін, соның ішінде Каспий итбалығын қорғау бойынша жобалар әзірленуде.
Қазақстан трансшекаралық су ресурстарын тиімді пайдалану бойынша көршілес елдермен де ынтымақтастықты күшейтіп келеді. Екіжақты комиссиялар жұмыс істеп, су ресурстарын бірлесіп басқару тетіктері жетілдірілуде.
Өзбекстанмен он жылға созылған келіссөздер нәтижесінде былтыр трансшекаралық су нысандарын бірлесіп басқару және тиімді пайдалану туралы келісімге қол қойылды.
Су дипломатиясы мен Сырдариядағы су қоймаларының жұмыс режимдерін үйлестірудің арқасында соңғы жылдары Солтүстік Аралға, соның ішінде суы аз кезеңдерде де, судың тұрақты келуі қамтамасыз етіліп отыр.


