Ішкі істер министрлігінде 2026 жылдың алғашқы тоғыз айындағы жедел-қызметтік жұмыстың нәтижелері талқыланды. Алқа отырысында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтың алдын алу және азаматтардың құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстар сараланып, алдағы кезеңге арналған міндеттер белгіленді.
Жиын барысында елдегі қылмыстық ахуалға қатысты негізгі көрсеткіштер жарияланды. Биыл қылмыс деңгейі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 15 пайызға төмендеген. Нәтижесінде 11 мыңнан астам қылмыс аз тіркелген.
Министр Ержан Саденов қауіпсіздік саласындағы статистикалық көрсеткіштердің артында адамдардың өмірі мен денсаулығы тұрғанын атап өтті. Осыған байланысты полиция бөлімшелерінің жұмысы тек жасалған қылмыстарды ашуға емес, олардың алдын алуға бағытталуы қажет екенін айтты.
Алқада аумақтық полиция департаменттері мен жекелеген қызметтердің жұмысындағы бірқатар кемшілікке назар аударылды. Ведомство басшылығы анықталған олқылықтарды қысқа мерзімде жоюды және тапсырмалардың орындалуына бақылауды күшейтуді тапсырды.
«Таза Қазақстан»: мыңнан астам заңсыз қоқыс орны жойылды
Полицияның профилактикалық жұмысының маңызды бағыттарының бірі – «Таза Қазақстан» бастамасын қолдау. Жыл басынан бері 321 мыңнан астам құқық бұзушылықтың жолы кесілген.
Олардың ішінде қоғамдық орындарды ластау, абаттандыру талаптарын сақтамау және тұрмыстық әрі құрылыс қалдықтарын белгіленбеген орындарға шығару фактілері бар. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 1318 стихиялық қоқыс орны жойылды.
Қоғамдық кеңістіктерді бүлдіру мен заңсыз жазуларға қатысты бақылау да күшейтілген. Жыл басынан бері 12 мыңнан астам граффити мен заңсыз жазу өшіріліп, осы фактілер бойынша шамамен 5,8 мың әкімшілік іс қозғалған.
Сонымен қатар волонтерлердің қатысуымен 13 мыңға жуық профилактикалық іс-шара ұйымдастырылды. Министр мұндай жұмыстарды тұрақты түрде жалғастыруды және ғимараттар мен қоғамдық нысандарға заңсыз жазу салғаны үшін жауапкершілікті күшейтуге бағытталған заңнамалық өзгерістерді әзірлеуді жеделдетуді тапсырды.
Отбасылық жанжалдарға байланысты жауапкершілік күшейді
Отбасылық-тұрмыстық саладағы құқық бұзушылықтардың алдын алу да алқада жеке қаралды.
Тоғыз айда 90 мыңнан астам отбасылық жанжал шығарушы әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Бұл былтырғы көрсеткіштен 18,4 пайызға жоғары. Оның ішінде 25 мың адам әкімшілік қамауға алынған.
Зорлық-зомбылық қаупі бар жағдайларда 73 мыңнан астам қорғау нұсқамасы шығарылды. Сот белгілеген шектеулерді немесе қорғау нұсқамаларын бұзған 20,5 мың адам жауапқа тартылған.
Қауіпсіз орта қалыптастыру мақсатында дағдарыс орталықтарына балаларымен бірге 4,5 мың әйел орналастырылды.
Бұл бағыттағы алдын алу жұмыстарының нәтижесінде отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша полицияға түскен өтініштер саны 1,2 мыңға азайған. Осы саладағы қылмыстық құқық бұзушылықтар 10,4 пайызға төмендесе, адам өлтіру фактілері 11 пайызға кеміген.
Жол қауіпсіздігі бойынша оң динамика бар
Жол қозғалысы саласында да құқық бұзушылықтарды анықтау жұмыстары жалғасып жатыр. Тоғыз ай ішінде 11,9 млн жол ережесін бұзу дерегі анықталған.
Оның ішінде көлікті мас күйінде басқарудың 19 мыңнан астам жағдайы тіркелсе, рөлде отырып телефон пайдаланудың 247 мыңнан астам фактісі анықталды. 2,4 мың жүргізуші көлік басқару құқығынан айырылды.
Түнгі уақытта ұйымдастырылатын заңсыз жарыстар мен қауіпті дрифтке де бақылау күшейтілді. Жыл басынан бері жол ережесі мен қоғамдық тәртіпті қатар бұзған 386 дрифт фактісінің жолы кесілген. 59 адам әкімшілік қамауға алынып, 142 автокөлік арнайы тұрақтарға орналастырылды.
Жалпы жол-көлік оқиғаларының саны 5 пайызға азайған. Жарақат алғандар саны 7 пайызға, қаза болғандар саны 16 пайызға төмендеген.
Министр жол қауіпсіздігі мәселесінде бақылауды күшейтуді және әкімдіктермен бірлесіп апат қаупі жоғары учаскелердегі қауіпсіздік шараларын жетілдіруді тапсырды.
Әлеуметтік желідегі заң бұзушылықтар да назарда
Полиция интернет кеңістігіндегі құқыққа қайшы әрекеттерге де бақылау жүргізіп келеді. Әсіресе тікелей эфир кезінде жасалатын заңсыз әрекеттерге қатысты шаралар қабылдануда.
Жыл басынан бері блогерлер мен стримерлерді қоса алғанда, 150-ден астам әлеуметтік желі қолданушысы әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Олардың 58-іне әкімшілік қамау жазасы қолданылған.
Министр мұндай фактілерді дер кезінде анықтап, қоғамда заңсыз әрекеттерге төзбеушілік қалыптастыруға бағытталған профилактикалық жұмысты күшейтуді тапсырды.
Ұйымдасқан қылмыс пен есірткі айналымына тосқауыл қойылуда
Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес аясында жыл басынан бері 44 қылмыстық іс тіркелген. Оның үшеуі трансұлттық сипатқа ие. Қылмыстық ортаға қатысы бар 238 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылуда.
Ержан Саденов қазіргі кезде қылмыстық топтардың бизнесті бүркемелеу арқылы әрекет етуі, алаяқтық схемалар мен қаржы пирамидаларын құруы мүмкін екенін атап өтті. Сондықтан олардың ұйымдастырушыларын анықтау, заңсыз табыстарды заңдастыруға жол бермеу және қылмыстық капиталдың экономикаға ықпалын шектеу қажеттігін айтты.
Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бойынша да нәтижелер бар. Биыл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда тоғыз есірткі зертханасы артық анықталып, жойылған. Заңсыз айналымға 31 тоннадан астам есірткінің түсуіне тосқауыл қойылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 20 пайызға көп.
Ұлттық ұландағы тәртіпке де басымдық берілді
Алқа барысында ІІМ Ұлттық ұланының қызметі де қаралды. Әскери тәртіпті нығайту, қызмет атқару кезінде әскери қызметшілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жеке құрамның кәсіби дайындығын арттыру міндеттері қойылды.
Министр оқу-жаттығу жүйесін қазіргі талаптарға сәйкестендіріп, дайындық сапасына ерекше мән беруді тапсырды.
Сонымен бірге полиция қызметкерлерінің қызметтік тәртібіне қатысты талаптар күшейтілмек. Басшылар қарамағындағы қызметкерлердің әдеп нормаларын сақтауына, күнделікті өмірдегі және әлеуметтік желідегі әрекеттеріне бақылауды арттыруы тиіс. Тәлімгерлік пен кәсіби даярлықты жетілдіру де маңызды міндет ретінде белгіленді.
Алқа қорытындысында киберқылмысқа, экстремизмге және заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимыл, тергеу жұмыстары мен қылмыстық-атқару жүйесін жетілдіру бойынша бірқатар тапсырма берілді.
ІІМ басшылығы үшін негізгі міндет – құқық бұзушылық орын алғаннан кейін әрекет етумен шектелмей, қауіптің алдын алу. Ведомство азаматтардың тұрғын үйінде, көшеде және қоғамдық орындарда қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жұмысты жалғастыратынын мәлімдеді.


