Қазақстанда 14 пен 22 жас аралығындағы жастардың банктік аударымдарына қосымша биометриялық тексеру енгізу мәселесі көтерілді. Мұндай бастаманы Ұлттық құрылтай мүшесі, депутат Ерлан Саиров ұсынып, оның негізгі мақсаты – жастарды қаржылық алаяқтыққа және дропперлік әрекеттерге тартылудан қорғау екенін жеткізді.
Депутат бұл ұсынысты «Әділет» партиясы фракциясының Бас прокурорға, Ішкі істер, Ғылым және жоғары білім, Оқу-ағарту министрліктеріне және Қаржылық мониторинг агенттігіне жолдаған депутаттық сауалында айтты.
Ерлан Саировтың сөзінше, соңғы уақытта жастарды ақшалай сыйақыға банктік шот ашып, оны бөгде адамдардың пайдалануына беруге үгіттеу жағдайлары кездеседі. Мұндай әрекеттерге көбіне студенттер мен тұрақты жұмысы жоқ азаматтар тартылуы мүмкін. Осыған байланысты депутат белгілі бір мөлшерден асатын ақша аударымдары кезінде 14 пен 22 жас аралығындағы азаматтардан биометриялық растау талап етуді ұсынды.
Депутат келтірген деректерге сәйкес, 2026 жылдың маусым айына дейін дропперлікке қатысты аяқталған қылмыстық істер бойынша 214 күдіктінің 159-ы 18 бен 29 жас аралығындағы азаматтар болған. Олардың 140-ы құқық бұзушылық жасаған кезде жұмыс істемеген.
Осы ретте фракция банктер, құқық қорғау органдары мен білім беру ұйымдары арасында жедел ақпарат алмасу жүйесін қалыптастыру қажеттігін алға тартты. Бұл студенттердің банктік шоттарын үшінші тұлғаларға сыйақы үшін беру фактілерін ерте анықтауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар оқу жылының алғашқы 15 күнінде бірінші курс студенттеріне түсіндіру жұмыстарын жүргізу ұсынылды. Кездесулер барысында есірткі қылмыстарының және банк шоттарын бөгде адамдарға берудің құқықтық салдары түсіндірілмек. Оған оқу орындарының мамандары, психологтар мен құқық қорғау органдарының өкілдері қатысуы мүмкін.
Бұдан бөлек, жастардың әлеуметтік жағдайын жақсарту мәселесіне де назар аударылды. Атап айтқанда, мұқтаж колледж студенттеріне тегін тамақ беру, киім-кешек сатып алуға ваучер бөлу және күнделікті ақы төленетін қысқа мерзімді жұмыс орындарын ұйымдастыру ұсынылды.
Ерлан Саировтың пікірінше, жастар арасындағы дропперлікпен күрес тек қылмыстық жауапкершілікке тартумен шектелмеуі керек. Ол үшін қаржылық бақылауды күшейтіп, алдын алу жұмыстарын жетілдірумен қатар, жастарға әлеуметтік қолдау көрсету де маңызды. Осы мақсатта депутаттар жауапты мемлекеттік органдардың міндеттерін, өзара ақпарат алмасу тәртібін және бірлескен жұмыстың нақты мерзімдерін белгілеуді ұсынды.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда банкаралық мобильді төлем жүйесіндегі бір операцияның лимитін 500 мың теңгеден 1 миллион теңгеге дейін арттыру жоспарланып отырғаны хабарланған еді. Ұлттық банк төрағасының орынбасары Бинұр Жәленовтің мәліметінше, бұл өзгеріс 19 шілдеде іске қосылған бірыңғай QR төлем жүйесіне қатысты. Аталған жүйе QR-код арқылы төлем жасауға және банктер арасында телефон нөмірі арқылы ақша аударуға мүмкіндік береді.


