Шымкент қаласында спорт мектептерінің жас баскетболшылары арасында республикалық жарыс өтіп жатыр.
Дүбірлі додаға Қазақстанның барлық өңірінен 11 команда қатысып, жас спортшылар шеберліктерін сынауда.
Төрт күнге жоспарланған жарыстың алғашқы ойындарынан-ақ командалардың жеңіске деген жігері байқалды. Жас баскетболшылар алаңда жоғары қарқын көрсетіп, өз командаларының намысын қорғауда.
Шымкент қаласының ерлер арасындағы бас бапкері Дамира Әуелбекованың айтуынша, жарысқа 2005–2012 жылдары туған спортшылар қатысуда. Бүгінгі ойын аясында Астана мен Ұлытау командалары өзара бақ сынайды.
Жарысқа қатысушы Перизат Жұмағали ойындардың жоғары деңгейде өтіп жатқанын атап өтті. Оның командасы Павлодар құрамасымен кездесіп, жеңіске жеткен.
«Павлодар командасы да өте жоғары деңгейде ойын көрсетті. Дегенмен бұл жолы жеңіс бізге бұйырды. Жеңістен кейінгі көңіл-күйіміз өте жақсы. Командада бір-бірімізді түсініп, қолдай білсек, бағындырмайтын белес жоқ», – деді жас спортшы.
Төрт күнге созылатын жарыстың қорытындысы бойынша Қазақстанның үздік жас баскетболшылары анықталады. Сондай-ақ бәсекеде еліміздің қай өңірінің ұл-қыздары баскетболдан мықты екені белгілі болады.
Балзия Ержанқызы


