Түркістан облысында «Жаңа халықтық Конституцияның нормалары мен құндылықтары: адами капиталды дамыту – білім беру жүйесінің стратегиялық негізі» тақырыбында облыстық тамыз конференциясы өтті.
Дәстүрлі жиын аясында инновациялық жобаларының көрмесі ұйымдастырылып, жұртшылық назарына ұсынылды.
Жиынға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, білім саласының мамандары, педагогтер, мектеп директорлары, білім беру ұйымдарының басшылары мен ата-аналар қауымдастығының өкілдері қатысты. Конференция барысында жаңа оқу жылына дайындық барысы, білім сапасын арттыру, педагогтердің кәсіби дамуы және заманауи білім беру тәсілдерін енгізу мәселелері қозғалды. Алқалы жиында алғысөз алған облыс әкімі Нұралхан Көшеров білім саласындағы жетістіктерге тоқталып, алдағы мақсаттарды айқындады. Сонымен қатар облыс басшысы білім саласының дамуына сүбелі үлес қосып жүрген бір топ азаматты мемлекеттік наградалармен және Алғыс хаттармен марапаттады.
Іс-шара барысында бірқатар білім саласының үздіктеріне «Ерен еңбегі үшін» және «Еңбек ардагері» медальдері, «Ыбырай Алтынсарин» және «Білім беру ісінің үздігі» төсбелгілері табысталды. Білім инфрақұрылымын жақсарту мақсатында өңірде 2024-2025 жылдары 29 жайлы мектеп іске қосылды. Облыстық бюджет есебінен 13 білім ордасы салынуда. 2027-2029 жылдары жобалық қуаты 16 830 оқушы орынға арналған қосымша 58 білім нысанын іске қосу жоспарланған. Сонымен қатар күрделі жөндеуді және жаңғыртуды қажет ететін 115 мектеп реновациядан өткізілуде.
Одан бөлек, «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры Түркістан облысында 2022-2025 жылдар аралығында жалпы құны 12 млрд теңгеден астам қайырымдылық жобаларын іске асырса, оның ішінде білім саласына 5,3 млрд теңгеге нақты қолдау көрсетілді. Биыл Қордың қолдауымен құны 5,1 млрд теңгеге 100 ауыл мектебі 300 заманауи пән кабинетімен жабдықталуда. Жетісай, Мақтаарал, Келес және Сарыағаш аудандарында 1 800 орындық «Жаңа буын орталықтарына» 2,6 млрд теңгеге заманауи робототехника, өнер және спорт құралдарымен жабдықтау қарастырылуда.
Мемлекет басшысының Жасанды интеллектіні орта білімге енгізу тапсырмасы бойынша Түркістан облысында сапалы іске асыру үшін жергілікті бюджеттен алдағы 3 жылға қаржы қаралды. Бұл шара өңірдегі 145 шағын жинақты мектепті озық цифрлық жабдықтармен қамтып, қала мен ауыл арасындағы білім сапасының алшақтығын түбегейлі жоюға мүмкіндік береді. Бүгінде өңір жастары республикалық және халықаралық пән олимпиадаларында, ғылыми жоба байқауларында топ жарып, білім мен ғылымда үлкен биіктерді бағындырып келеді. Атап айтқанда, өткен оқу жылында ауыл мектептері республикалық олимпиадасында облыс командасы «Ең үздік олимпиадалық команда – 2025» атанып, бас жүлдені иеленді. Пленарлық кеңесте спикерлер білім саласындағы өзекті тақырыптарды ортаға салды.
Тамыз конференциясы – білім саласындағы жетістіктерді саралап қана қоймай, алда тұрған міндеттерді айқындайтын дәстүрлі жиын. Іс-шара барысында өткен оқу жылының қорытындылары сараланып, алдағы оқу жылына арналған негізгі міндеттер айқындалды.
Айта кетейік, Республика бойынша тіркелген 7 896 мектептің 1 106-сы Түркістан облысында орналасқан. Сонымен қатар өңірде 1 441 мектепке дейінгі ұйым, 43 колледж, 42 қосымша білім беру мекемесі, 40 арнайы білім беру ұйымы, 4 балалар үйі, 3 кешкі мектеп және 2 оқу-өндірістік комбинаты табысты қызмет көрсетіп келеді.
Қарлығаш Байгөбек


