Шымкентте көше тағамдары мәдениетін насихаттауға бағытталған «Street Food Fest» гастрономиялық фестивалі ұйымдастырылды. Этно-ауыл кешенінде өткен шараға қаладағы 40-қа жуық үздік фуд-локация қатысып, тұрғындар мен туристерге түрлі тағамдар мен сусындарды ұсынды.
Фестивальді «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығы ұйымдастырған. Негізгі мақсат – жергілікті кәсіпкерлердің өнімдерін таныту, қаладағы гастрономиялық туризмді дамыту және Шымкенттің туристік мүмкіндіктерін жаңа форматта көрсету.
Фестиваль алаңында келушілерге ыстық тағамдардан бастап түрлі тәттілер мен сусындарға дейін ұсынылды. Отбасымен және достарымен келген қала тұрғындары тағамдардан дәм татып қана қоймай, ойын-сауық бағдарламаларына қатысып, музыкалық қойылымдарды тамашалады.
Шара қонақтарының бірі Гүлназ Муслимова мұндай фестивальдердің қала тұрғындары үшін қызықты екенін атап өтті.
– Фестиваль өте жақсы ұйымдастырылған. Бірнеше түрлі тағамнан дәм татып көрдік. Мұнда тамақтан бөлек, ойындарға қатысып, музыка тыңдауға болады. Достарымызбен бірге уақытты көңілді өткізіп жатырмыз. Осындай шаралар жиі ұйымдастырылса, тұрғындар үшін де, қала қонақтары үшін де жақсы болар еді, – деді ол.
Фестивальдің ерекше сәттерінің бірі – көлемді хот-дог дайындау бастамасы болды. Ұйымдастырушылар бұл жоба арқылы Қазақстанның рекордтар кітабына енуге ниетті.
«Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығының директоры Заманбек Орынбековтің айтуынша, рекордтық тағам әзірлеу идеясы биылғы фестивальдің басты ерекшеліктерінің біріне айналған.
– Биыл шараны өзгеше форматта өткізуді көздедік. Ең үлкен хот-дог дайындау арқылы фестивальге ерекше мазмұн қосуды мақсат еттік. Бұл бастамаға серіктестеріміз де қолдау көрсетті. Олардың қатарында Zigi Zagi және «Нәрлен» компаниялары бар, – деді ол.
Үлкен хот-догтың дайындалу барысын фестивальге келген жұртшылық қызығушылықпен тамашалады.
Гастрономиялық бағдарламамен қатар шарада мәдени-музыкалық бағдарлама да ұйымдастырылды. Сахнада отандық орындаушылар өнер көрсетіп, кештің арнайы қонағы ретінде танымал әнші Ziruza көпшілікке әндерін ұсынды. Көрермендер орындаушының әндеріне қосылып, мерекелік атмосфераны жандандыра түсті.
Фестивальдің Этно-ауыл аумағында өтуі де шараға ерекше сипат берді. Ұлттық нақыштағы орта мен заманауи street food мәдениетінің үйлесуі қала қонақтарына Шымкенттің дәстүрі мен қазіргі гастрономиялық бағыттарын қатар танып-білуге мүмкіндік берді.
Ұйымдастырушылар мұндай жобалар жергілікті тамақтану орындарының танымалдығын арттырып қана қоймай, Шымкентті гастрономиялық туризм бағыты ретінде танытуға ықпал ететінін атап өтті.
Осылайша, «Street Food Fest» қала тұрғындары мен қонақтарын бір алаңға жинап, жергілікті кәсіпкерлердің өнімдерін таныстырған әрі Шымкенттің туристік және гастрономиялық әлеуетін көрсеткен ауқымды шаралардың біріне айналды.


