Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонмен телефон арқылы сөйлесіп, оны туған күнімен құттықтады.
Мемлекет басшысы Тәжікстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуындағы Эмомали Рахмонның еңбегін атап өтті. Сондай-ақ оның елдегі бейбітшілік пен қоғамдық келісімді нығайтуға және мемлекеттің ұзақмерзімді дамуына қосқан үлесіне жоғары баға берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы тарихи достық пен өзара қолдауға негізделген байланыстарды дамытудағы Тәжікстан Президентінің рөлін атап өтті. Оның айтуынша, екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастарды нығайту маңызды.
Телефон арқылы өткен әңгіме барысында тараптар Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі деңгейіне оң баға берді. Сонымен қатар екіжақты байланысты сауда-экономика, гуманитарлық және басқа да бағыттарда одан әрі кеңейту мәселелері талқыланды.
Мемлекеттер басшылары халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты. Сондай-ақ алдағы кездесулердің кестесін талқылап, екі ел арасындағы өзара іс-қимылды жалғастыруға уағдаласты.


