Қазақстанда білім беру саласының дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар педагог пен сала ардагері мемлекеттік наградалармен марапатталды. Оларға ордендер, медальдар табысталып, бірқатар ұстазға «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағы берілді.
«Құрмет» орденімен білім беру саласындағы ерекше еңбегі үшін төрт азамат марапатталды. Олардың қатарында Ұлытау облысының мұғалімі Дәмеш Арынова, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің профессоры Руда Зәйкенова, білім беру саласының ардагері Гүлбану Қайсаева және Ақтөбе облысының ардагер ұстазы Марта Малайдар бар.

«Ерен еңбегі үшін» медаліне білім саласының 10 өкілі лайық деп танылды. Марапатталғандардың қатарында Түркістан облысының екі азаматы – Қапланбек жоғары аграрлық-техникалық колледжінің оқытушысы Дәулетназар Аханов және Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің доценті Алма Қожахметова бар.

Сондай-ақ бұл медальмен Астана, Маңғыстау, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Павлодар және Алматы облыстарының педагогтері мен жоғары оқу орнының оқытушылары марапатталды.

Білім беру саласының тағы бес өкілі «Шапағат» медаліне ие болды. Олардың арасында Алматы облысы, Жамбыл, Шымкент, Қарағанды және Ақмола өңірлерінің мамандары бар.

Мемлекеттік марапатпен қатар бірқатар ұстазға «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағы берілді. Аталған атаққа Атырау, Қостанай, Жетісу, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Абай, Маңғыстау облыстары мен Астана, Алматы қалаларының педагогтері ие болды.

Бұл атақты иеленгендердің қатарында Түркістан облысының өкілі де бар. «Бірінші мамыр» жалпы білім беретін мектебінің мұғалімі Гүлмира Тағаева еліміздің білім беру саласына қосқан үлесі үшін «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағына ие болды.

Мемлекеттік марапаттар педагогтердің кәсіби еңбегін бағалап, білім саласында ұзақ жылдар бойы қызмет етіп жүрген мамандардың еңбегін ел алдында мойындаудың бір көрінісі болды.


