Семей қаласында әйелін аса қатыгездікпен өлтірді деген күдікке ілінген ер адамға қатысты қылмыстық іс сотқа жолданды. Қайғылы оқиғаға қатысты тергеу аяқталып, сот отырысы 29 шілдеде басталады.
Марқұм әйелдің туыстарының айтуынша, биыл сәуір айында 52 жастағы әйел күйеуіне ажырасқысы келетінін айтқан. Алайда бұл шешім ер адамның ашуын туғызып, жағдай қайғылы аяқталған.
Kriminal Kazakhstan мәліметінше, арада бірнеше күн өткен соң күдікті әйелінің киімдерін, құжаттарын және ортақ балаларының құжаттарын өртеп жіберген. Кейін ол жұбайын аңдып жүріп, бейсбол таяғымен соққы жасаған. Тергеу деректеріне сәйкес, әйел алған ауыр жарақаттарынан көз жұмған.
Марқұмның жақындары ер адамның ұзақ жылдар бойы алкогольге тәуелді болғанын, бұған дейін де әйеліне күш көрсеткенін және ол бөлек кетуге шешім қабылдағаннан кейін де соңынан бақылап жүргенін айтады.
Қылмыстан кейін күдікті оқиға орнынан қашып кеткен. Алайда көп ұзамай полиция қызметкерлері оны ұстап, қамауға алған.
Қазір іс «Кісі өлтіру» бабы бойынша қаралуда. Сот процесі 29 шілдеде басталады.
Айта кетейік, бұған дейін Алматы облысының Қарасай ауданында полиция әйелін ұрып-соқты деген күдікпен 31 жастағы ер адамды ұстаған болатын. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалған.


