Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігіндегі жаңадан тағайындалған елшісі Әлібек Бақаевты қабылдады.
Кездесу барысында Президент қазақ-британ көпжақты ынтымақтастығын одан әрі дамыту бағытындағы негізгі басымдықтарды атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев елшіге Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы Стратегиялық серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімді тиімді жүзеге асыруды тапсырды. Сондай-ақ саяси диалогты нығайтуға, сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды кеңейтуге, энергетика, көлік, инновация және білім беру салаларындағы бірлескен жобаларды ілгерілетуге ерекше назар аударылды.
Мемлекет басшысы екі ел арасындағы өзара іс-қимылды одан әрі дамыту үшін нақты нәтижелерге бағытталған жұмыстарды жалғастырудың маңызын атап өтті.


