Шығыс Қазақстан облысында туристер жиі баратын Рахман қайнарына апаратын жолдың 13 шақырымдық бөлігі толық жаңартылды. Өскемен – Алтай – Үлкен Нарын – Катонқарағай – Рахман қайнары бағытындағы 437-450 шақырым аралығындағы жол учаскесінің жөнделуі өңірдің туристік нысандарына қатынауды жеңілдетуге мүмкіндік берді.
Жөндеу жұмыстарын «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ жүргізді. Бұған дейін таулы әрі күрделі жер бедеріне байланысты аталған учаскеде көлік қозғалысы қиын болған. Кейбір бөліктерден өтуге бірнеше сағатқа дейін уақыт кеткен. Жолдың жаңартылуы нәтижесінде көлік қатынасы қауіпсіз әрі қолайлы бола түсті.
Жоба аясында жолдың жаңа жабындысы төселіп, 4 көпір мен 23 су өткізу құбыры салынды. Құрылыс жұмыстары биік таулы аймақта жүргізілгендіктен, техникалық тұрғыдан күрделі шешімдерді қажет етті.
Жол учаскесінің ұлттық парк аумағында орналасуына байланысты қоршаған ортаға түсетін әсерді азайтуға ерекше мән берілген. Құрылыс кезінде жарылыс жұмыстары жүргізілмей, тау жыныстары арнайы техника көмегімен ұсақталған. Ал алынған материал жолдың негізін дайындауға қайта пайдаланылды.
Жаңа жол туристер үшін де қолайлы жағдай қалыптастырады. Бағыт бойында көлік тоқтатуға арналған арнайы орындар мен табиғи көріністерді тамашалауға мүмкіндік беретін бақылау алаңдары қарастырылған. Аталған нүктелерден Мұзтау (Белуха) шыңына көрініс ашылады.
Рахман қайнары – Шығыс Қазақстандағы табиғи және сауықтыру туризмі дамыған негізгі бағыттардың бірі. Көлік инфрақұрылымының жақсаруы бұл аумаққа келетін туристер санын арттырып қана қоймай, жаңа демалыс орындары мен сервистік нысандардың ашылуына, туристік қызмет түрлерінің көбеюіне және инвестиция тартуға ықпал етуі мүмкін.
Өңірде Рахман қайнарында халықаралық деңгейдегі жаңа санаторий салу жобасы да қарастырылып отыр. Осы тұрғыдан алғанда, сапалы жол инфрақұрылымының болуы туристік жобаларды жүзеге асыру үшін маңызды факторлардың бірі саналады.
Шығыс Қазақстан облысына 2025 жылы шамамен 446 мың турист келген. Оның ішінде Катонқарағай ауданының туристік әлеуеті жоғары. Мәселен, өткен жылы Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне шамамен 26 мың адам барған.
Жолдың жаңаруы Катонқарағай мен Рахман қайнары бағытындағы туристік ағынды ұлғайтып, өңірді табиғи және сауықтыру туризмі бойынша тартымды бағыттардың біріне айналдыруға мүмкіндік береді.


