Түркістан облысында тұрғын үй құрылысының қарқыны артып келеді. 2026 жылдың қаңтар-тамыз айларында өңірде 719 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 107 пайызды құрады. Бұл нәтиже бойынша Түркістан облысы республика көлемінде 4-орында тұр.
Бұл туралы облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен апталық аппарат отырысында айтылды.
Биыл Қазақстан бойынша 20,4 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Оның 1,25 млн шаршы метрі Түркістан облысының үлесіне тиесілі.
Қазіргі таңда Түркістан қаласында облыстық құрылыс басқармасының тапсырысымен 16,5 млрд теңгеге 8 кредиттік тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Жобалар аясында жалпы ауданы 48,2 мың шаршы метр болатын 810 пәтер салынып жатыр. Құрылыс жұмыстарына 500-ге жуық адам жұмылдырылған. Нысандарды өндірістік кестеге сәйкес биыл желтоқсан айында пайдалануға беру жоспарланған.
Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Абай Тұрхановтың айтуынша, қазіргі уақытта аталған үйлерде ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар Жетісай ауданында 120 пәтерлі екі арендалық тұрғын үйдің құрылысы жалғасып жатыр. Бұған дейін ұзақ уақыт бойы аяқталмай тұрған нысандарды қайта жандандыру жұмыстары жүргізілуде.
Өңірде тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды баспанамен қамту бағытындағы жұмыстар да жалғасуда. Биыл 546 арендалық пәтер сатып алу жоспарланған. Бүгінде оның 315-і сатып алынды. Қалған 231 пәтерді қараша айына дейін сатып алу көзделіп отыр.
Бұдан бөлек, облыста жалпы құны 29,5 млрд теңге болатын 1 533 пәтерлі 37 кредиттік тұрғын үй сатып алу жоспарланған. Оның ішінде Түркістан қаласында – 1 517, Келес ауданында 16 пәтер қарастырылған. Қазіргі таңда 1 098 пәтер сатып алынды. Қалған 435 пәтерді қараша айына дейін алу жоспарланған.
Жеке құрылыс салушылар тарапынан да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Облыс бойынша жалпы 3 105 пәтерлі 168 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Биыл олардың 105-ін пайдалануға беру жоспарланса, қалған 63 тұрғын үйдің құрылысы келесі жылға өтеді.
Аппарат отырысында облыс әкімі құрылыс нысандарындағы жұмыстардың сапасына ерекше назар аударуды тапсырды. Оның айтуынша, әрбір нысан бойынша құрылыс барысы тұрақты бақылауда болып, жұмыстар белгіленген талаптар мен құрылыс нормаларына сәйкес жүргізілуі қажет.
Сондай-ақ арендалық тұрғын үйлерді сатып алу, дайын нысандарды уақытылы пайдалануға беру, тұрғын үй конкурстарын өткізу және аулалар мен тұрғын үй аумақтарын абаттандыру мәселелерін уақтылы шешу қажеттігі айтылды.


