Түркістан облысында ауыз сумен қамту бағытындағы жұмыстардың нәтижесінде өңірдегі 801 елді мекеннің барлығына су жүйесі жеткізілді. Оның ішінде 7 қала және 794 ауылдық елді мекен бар.
Бұл туралы облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісте айтылды.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Тоқтар Усубалиевтің мәліметінше, қазіргі таңда 155 елді мекендегі 503,7 мың тұрғын ауыз суды белгіленген кесте бойынша тұтынып отыр.
Мұндай жағдайға су құбырларының тозуы, жерасты су қорының азаюы, судың кермектілігінің жоғары болуы, су тазарту қондырғыларының жиі істен шығуы және коммуналдық нысандардың тиісті деңгейде күтіп ұсталмауы себеп болып отыр.
Осы мәселелерді кезең-кезеңімен шешу үшін 2026-2028 жылдарға арналған арнайы іс-шаралар жоспары бекітілген. Жоспарға сәйкес, биыл 10 елді мекендегі 45,7 мың тұрғынның мәселесі шешіліп, олар тәулік бойы тұрақты ауыз сумен қамтылмақ. Қалған 145 елді мекендегі жағдайды реттеу үшін қосымша қаржы қажет.
Бұдан бөлек, 2026 жылы ауыз су инфрақұрылымына қатысты 42 нысанның құрылысына облыстық бюджеттен 17,5 млрд теңге бөлінген. 1 қазанға дейін оның 13 млрд теңгесі немесе 73,9 пайызы игерілді.
Биыл 11 нысанды аяқтау жоспарланған. Нәтижесінде тозығы жеткен су құбырлары жаңартылып, 7 елді мекендегі 57,9 мың тұрғынның инфрақұрылымы жақсарады. Сонымен қатар кестемен су алып отырған 10 елді мекендегі 45,7 мың тұрғын тәулік бойы сумен қамтамасыз етіледі.
Жиында коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту мәселесі де қаралды. «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2025-2029 жылдары Түркістан облысына 42,9 млрд теңге қарастырылған.
Қазіргі уақытта облыстағы 12 табиғи монополия субъектісінің 12 жобасы «МЭКС» электрондық платформасына енгізілген. Бұл жобалар өңірдегі коммуналдық желілердің жағдайын жақсартуға бағытталған.
Жиын соңында облыс әкімі жауапты басқармалар мен аудан, қала әкімдіктеріне су құбырларын жаңарту жұмыстарын жеделдетуді тапсырды. Әсіресе кестемен су берілетін елді мекендердегі мәселелерді кезең-кезеңімен шешуге, құрылыс жұмыстарын сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтауға және бөлінген қаражатты тиімді игеруге басымдық беруді міндеттеді.
Әкім тапсырмаларының орындалуы бақылауда болады. Белгіленген міндеттерді сапалы әрі уақытында орындамаған жауапты басшыларға тиісті қызметтік шара қолданылатыны ескертілді.


