Қазақстанда соңғы жылдары жол, теміржол және әуе қатынасына қатысты жобалар қатар жүзеге асырылып, ел ішіндегі көлік байланысын күшейтуге бағытталған жұмыстар жалғасып келеді. Жолдардың өткізу мүмкіндігін арттыру, шалғай елді мекендерге қатынасты жақсарту, жаңа теміржол желілерін салу және өңірлік әуе рейстерін көбейту жұмыстары көлік жүйесін жаңартудың негізгі бағыттарына айналды.
Автомобиль жолдары бойынша 2023-2025 жылдары республика көлемінде 19,1 мың шақырым жолда құрылыс, қайта жаңарту және жөндеу жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде 2023 жылы 5656 шақырым, 2024 жылы 7306 шақырым, ал 2025 жылы 6178 шақырым жол қамтылған.
Биыл бұл жұмыс жалғасып, 11 мың шақырымнан астам автожолда түрлі деңгейдегі жөндеу және құрылыс шаралары қарастырылған. Оның ішінде республикалық желіде жаңа учаскелер салу мен реконструкциялауға, сондай-ақ қолданыстағы жолдарды күрделі және орташа жөндеуге басымдық беріліп отыр.
Жол сапасының жақсаруы жолаушылар қозғалысының көлемінен де байқалады. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, автомобиль көлігімен тасымалданған адамдар саны 2023 жылғы 1,5 млрд-тан 2025 жылы 1,9 млрд адамға дейін өскен. 2026 жылдың алғашқы сегіз айында бұл көрсеткіш 1,3 млрд адамға жетті.
Ауылдық елді мекендердің қатынасын жақсартуға да ерекше мән берілуде. Соңғы үш жылда 10,2 мың шақырым жергілікті жолда жұмыстар аяқталып, олардың 556 шақырымы жаңадан салынған. Мұндай жобалар ауылдардың аудан және облыс орталықтарымен тұрақты байланысын қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп отыр.
Ірі магистральдар бойынша да ауқымды жобалар бар. «Орталық – Батыс» бағытының құрылысы мен қайта жаңғыртылуы Астана мен батыс өңірлер арасындағы байланысты күшейтуге бағытталған. Сонымен бірге Бейнеу – Сексеуіл, Қызылорда – Сексеуіл, Ұлғайсын – Сексеуіл бағыттарындағы жұмыстар жүргізілуде. Қызылорда – Жезқазған, Ақтөбе – Ұлғайсын және Жезқазған – Қарағанды жолдарында да реконструкция жалғасып жатыр.
Бұған дейін бірнеше маңызды учаске пайдалануға берілді. Қандыағаш – Мақат, Үшарал – Достық, Қарағанды – Алматы, Талдықорған – Өскемен, Ақтөбе – Қандыағаш, Атырау – Астрахань және Меркі – Бурылбайтал бағыттарындағы жобалар аяқталған. 2025 жылы Ұзынағаш – Отар, Қалбатау – Майқапшағай, Подстепное – Федоровка және Құрты – Қонаев учаскелерінде жұмыстар тәмамдалды.
Жол жаңарған сайын өңірлер арасындағы сапар уақыты да қысқарып келеді. Мысалы, Батыс Қазақстан облысында Қазталов, Жәнібек және Бөкей ордасы аудандарын Оралмен жалғайтын 245 шақырым жолдың жаңартылуы нәтижесінде тұрғындардың облыс орталығына жету мерзімі 12-14 сағаттан 5-6 сағатқа дейін азайған.
Теміржол саласында да жаңа желілердің құрылысы мен қолданыстағы инфрақұрылымды жаңарту қатар жүріп жатыр. Соңғы бес жыл ішінде елде 911 шақырым жаңа теміржол салынған. Қазір тағы 800 шақырымға жуық желінің құрылысы жүргізіліп, 2,6 мың шақырым теміржол төсемін жаңғырту жұмыстары атқарылуда.
Жолаушылар тасымалында да сұраныс жоғары. 2023-2025 жылдары теміржол арқылы 60,2 млн адам сапарлаған. 2026 жылдың басынан бері «Жолаушылар тасымалы» пойыздарын 7,5 млн адам пайдаланған. Алматы, Астана және Шымкентпен қатар Абай, Ақтөбе, Қарағанды, Қызылорда және Жамбыл облыстары жолаушылар ағыны жоғары өңірлердің қатарында.
Теміржолдағы сервистерді жетілдіру жұмыстары да жалғасуда. Әйелдерге арналған вагондар 13 бағытта қатынайды. Ал ерекше қажеттілігі бар азаматтар мен оларды алып жүретін адамдар үшін әлеуметтік маңызы бар бағыттарда 50 пайыздық жеңілдік қарастырылған.
Авиация саласында өңірлердің әуе қатынасын жақсартуға бағытталған жобалар жүзеге асуда. 2026 жылы Арқалық әуежайы қайта іске қосылып, Астана, Алматы және Қостанай бағыттарымен рейстер ашылды. Павлодар әуежайының ұшу-қону жолағын жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, Зайсан, Катонқарағай және Кендірлідегі әуе нысандарын іске қосу жоспарланған.
Ішкі рейстер саны да көбейіп келеді. 2023 жылы ел ішінде аптасына 630 рейс 51 бағыт бойынша орындалса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 821 рейске және 60 бағытқа жетті. 2026 жылдың қыркүйегінде ішкі әуе қатынасы аптасына шамамен 890 рейсті қамтыған.
Көлік жүйесіндегі өзгерістер тек жол құрылысы мен жаңа бағыттар ашумен шектелмейді. Саланы цифрландыру арқылы жүк қозғалысын бақылау, құжат рәсімдеу және кедендік процедураларды жеделдету тетіктері енгізілуде. Мәселен, Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша Digital Trade Corridor платформасы жүктің қозғалысын онлайн бақылауға және қажетті құжаттарды цифрлық форматта жүргізуге мүмкіндік береді.
Ал Tez Customs жүйесі транзиттік декларацияларды электронды түрде рәсімдеуге жағдай жасап, кедендік рәсімдеу уақытын бірнеше сағаттан шамамен 30 минутқа дейін қысқартқан.
Осылайша, Қазақстандағы көлік саласының жаңғыруы бірнеше бағытта қатар жүргізілуде. Автомобиль жолдарының сапасы жақсарып, теміржол желісі кеңейіп, өңірлік әуе қатынасы дамып келеді. Цифрлық технологиялардың енгізілуі халықаралық транзитті жылдамдатуға мүмкіндік берсе, жаңа инфрақұрылым елдің ішкі өңірлерін өзара байланыстыруға жол ашып отыр.


