Абай облысында электр энергиясын өндірудің баламалы тәсілдеріне басымдық беріліп, жел мен күн ресурстарын тиімді пайдалануға бағытталған жобалар жүзеге асырылып жатыр. Өңірде бүгінде жаңартылатын энергия көздері бойынша жұмыс істеп тұрған 8 нысан бар. Олардың жиынтық қуаты 159,7 мегаватты құрайды.
Жалпы қуаттың басым бөлігі жел электр станцияларына тиесілі. Облыстағы 7 жел энергетикасы нысанының белгіленген қуаты 129,7 мегаваттқа жетеді. Олардың қатарында «Абай-1», «Винд Чарск», «ВЭС-Чарск», «Чарск Ветер», DES Consulting, Ventum Energy және EastWindEnergy жобалары бар.
Өңірдегі жел энергетикасының ең ірі жобасы Аягөз ауданында орналасқан. Мұндағы «Абай-1» станциясының қуаты 100 мегаватты құрайды. Нысан облыстың электр энергетикасындағы жаңартылатын ресурстардың үлесін арттыруға бағытталған маңызды жобалардың бірі саналады.
Күн сәулесін электр энергиясына айналдыратын нысан да жұмыс істеп тұр. Жарма ауданындағы «Жангиз Солар» станциясының қуаты 30 мегаватт. Осы жоба арқылы өңірдегі жаңартылатын энергия өндірісінің тағы бір бағыты дамып келеді.
Абай облысында баламалы энергетикамен байланысты жұмыстар мұнымен шектелмейді. Қазіргі уақытта жел және күн электр станцияларын салуға арналған бірқатар жаңа бастамалар қарастырылып, жобаларды іске асыру бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Жаңа нысандардың пайда болуы өңірдің табиғи ресурстарын тиімді пайдалануға, энергетикалық әлеуетін күшейтуге және жаңартылатын энергия көздерінің үлесін арттыруға мүмкіндік береді.


