Қазақстанның әр аймағында экономикалық белсенділікті күшейтіп, өндіріс орындарын көбейту және халыққа қажетті инфрақұрылымды жақсарту бағытындағы жобалар жүзеге асырылып жатыр. Соңғы күндері бірнеше облыста жаңа кәсіпорындар іске қосылып, әлеуметтік нысандар жаңартылып, энергетикалық жүйенің мүмкіндігі кеңейді.
Алматы облысының Боралдай елді мекенінде сусын өндіруге арналған заманауи кешеннің жұмысы басталды. Инвестициялық жобаның жалпы құны 344 млн долларды құрайды. Кәсіпорынға өңір тұрғындарынан 230 адам жұмысқа орналастырылды. Өндірісте қолданылатын бірқатар шикізат түрі отандық жеткізушілерден сатып алынады. Кәсіпорын өнімін Қазақстан аумағымен қатар ТМД мемлекеттеріне экспорттау көзделген.
Солтүстік Қазақстан облысында да тамақ өнеркәсібіндегі жаңа жоба іске қосылды. Мұнда ұзақ уақыт сақтауға болатын нан және кондитерлік өнімдер шығарылады. Кешенге 37 млрд теңге инвестиция бағытталған. Өндіріс орны шетелдік заманауи технологиялармен жабдықталған. Кәсіпорын жобалық қуатына жеткен кезде жыл сайын 15 мың тоннаға дейін өнім өндіруге қауқарлы. Өндірістің келесі желісі іске қосылғаннан кейін жүздеген жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр.
Көкшетауда теміржол вокзалының жаңғырту жұмыстары аяқталып, нысан жолаушыларға қайта қызмет көрсете бастады. Жаңарту барысында ғимараттың ішкі инфрақұрылымы қайта қаралып, лифт пен эскалаторлар орнатылды. Бұл мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін де нысанды пайдалануды жеңілдетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар вокзалға іргелес 0,75 гектар аумақ ретке келтірілді.
Теміржол вокзалы 1981 жылы бой көтерген. Нысанның соңғы ауқымды жөндеуінен бері жиырма жылдан астам уақыт өткен. Жаңғырту жұмыстары теміржол саласының инфрақұрылымын кезең-кезеңімен жаңарту жоспары бойынша жүргізілді. Осы бағыттағы бағдарлама нәтижесінде өңірдегі 16 нысанның барлығы жаңартудан өтті.
Қарағанды облысында электр жүйесінің өткізу мүмкіндігін арттыруға бағытталған жұмыс жүзеге асты. «Нұра» 500 кВ қосалқы стансасына екінші автотрансформатор қосылды. Жаңа жабдық энергетикалық жүйенің орнықтылығын күшейтіп, резервтік қуатты ұлғайтуға жағдай жасайды. Сонымен бірге «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағында орналасқан кәсіпорындардың электр энергиясына деген қажеттілігін қамтамасыз ету мүмкіндігі артады.
Атырау облысының Исатай ауданында әлеуметтік нысан құрылысы аяқталды. Томан ауылында 80 балаға есептелген мектепке дейінгі ұйым пайдалануға дайын. Қазір ғимаратта қажетті жұмыстар жүргізіліп, балабақшаны қараша айында ашу жоспарланып отыр.
Жаңа өндірістердің іске қосылуы, көлік инфрақұрылымының жаңаруы, энергетикалық қуаттың артуы және әлеуметтік нысандардың бой көтеруі өңірлердегі инфрақұрылымдық дамудың бірнеше бағытын қамтып отыр.

