Қазақстанда мектеп жасындағы балалардың денсаулығын бақылау және ауруларды бастапқы кезеңде анықтау жұмыстары жалғасып жатыр. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы алты айында 3,6 миллион бала профилактикалық медициналық тексеруден өткен.
Тексеру қорытындысы бойынша 302 мың баладан түрлі денсаулық мәселелері анықталып, олардың 119 мыңнан астамы тұрақты медициналық бақылауға алынған. Оқушылар арасында жиі кездесетін мәселелердің қатарында тіс жегісі, қаназдық және көру қабілетінің бұзылуы бар.
Әсіресе тіс аурулары балалар арасында өзекті болып отыр. Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында профилактикалық тексерулер кезінде мектеп жасындағы балалардан тіс жегісінің 80 169 жағдайы анықталған.
Мамандардың айтуынша, тіс жегісінің пайда болуына әсер ететін негізгі факторлардың бірі – құрамында бос қант бар тағамдар мен сусындарды жиі тұтыну. Сондықтан ауыз қуысының саулығын сақтау үшін тісті күнделікті дұрыс тазалау, тәтті өнімдерді шектеу, таза ауызсуды жеткілікті пайдалану және стоматологқа уақытылы қаралу маңызды.
Балалардың тамақтану әдеттерін жақсарту бағытында да өзгерістер енгізілген. 2025 жылдан бастап білім беру ұйымдарында оқушылардың ас мәзіріндегі қант пен тұз мөлшерін азайтуға бағытталған жаңа тамақтану стандарты қолданыла бастады.
Бұған қоса, «Болашаққа сау тіспен» жобасы аясында соңғы екі жылда стоматологиялық профилактикаға арналған 166 кабинет ашылған. Бұл кабинеттерде оқушылардың ауыз қуысына күтім жасау дағдыларын қалыптастыруға және тіс ауруларының алдын алуға басымдық беріледі.
Медициналық тексерулердің қолжетімділігін арттыру үшін цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект құралдарын пайдалану да қарастырылып отыр. Министрлік жоспарында 2027 жылдан бастап ата-аналарға балаларының алдағы профилактикалық тексерулері туралы SMS-хабарламалар жіберу көзделген. Бұл ата-аналарға қажетті медициналық шараларды алдын ала жоспарлап, тексерулерді уақытында өткізуге көмектеседі.
Баланың денсаулығына тек медициналық қызмет қана емес, күнделікті өмір салты да ықпал етеді. Дұрыс тамақтану, жеткілікті ұйқы, дене белсенділігі және психологиялық жай-күй дені сау ұрпақ қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Сондықтан балалардың саулығын сақтау үшін медицина мамандарының, мектептердің, жергілікті органдардың және ата-аналардың бірлесіп әрекет етуі қажет.


