Қазақстанда барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы 2026 жылғы 29 қарашаға белгіленуі мүмкін. Бұл мәселе Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының отырысында қаралды.
ОСК төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман сайлауды тағайындау туралы қаулы жобасын таныстырып, алдағы науқанның негізгі тәртібі мен көлеміне тоқталды.
Қазақстанның «Сайлау туралы» Конституциялық заңының 101-бабының 3-тармағына сәйкес, өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауын Орталық сайлау комиссиясы тиісті шешім қабылданған күннен бастап екі айдан кешіктірмей тағайындайды.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мәслихат депутаттары тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің тұрғындары тарапынан жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы бес жыл мерзімге сайланады.
ОСК мәліметінше, алдағы сайлау аясында еліміздегі 228 мәслихатқа барлығы 3 447 депутат сайлау жоспарланып отыр. Оның ішінде облыстық мәслихаттарға – 668, қалалық мәслихаттарға – 626, ал аудандық мәслихаттарға 2 053 депутат сайланбақ.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы Жарлыққа қол қойған болатын. Құжат Ақорданың ресми сайтында жарияланды.
Сондай-ақ Президент Премьер-министр Олжас Бектеновпен және Құрылтай төрағасы Айбек Дәдебаймен кездесіп, мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату мәселесі бойынша кеңес өткізген еді.
Бұдан бөлек, Қазақстан Құрылтайы жанынан мәслихаттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес құру туралы шешім қабылданғаны хабарланған.


