Медициналық-әлеуметтік сараптамадан өту тәртібі цифрлық форматқа көшіріліп жатыр. Енді азаматтар сараптама бөліміне бармас бұрын қабылдау уақыты мен күнін алдын ала таңдап, электронды кезекке жазыла алады.
Жаңа жүйе әзірге екі өңірде қолжетімді. Жоба алдымен Ақмола облысында іске қосылса, кейін Алматы қаласында енгізілді. 2026 жылғы 1 қазандағы мәлімет бойынша, электронды кезек қызметін Ақмола облысында 2 580 адам, Алматыда 3 030 азамат пайдаланған.
Қызметке жазылу Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы жүзеге асырылады. Ол үшін азамат өзінің электрондық цифрлық қолтаңбасымен жүйеге кіріп, жеке кабинеттен «Куәландыруға жазылу» қызметін таңдауы қажет. Бұдан кейін қолайлы күн мен уақытты белгілеуге болады.
Жүйе адамның тұрғылықты мекенжайына байланысты тиісті медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімін өзі анықтайды. Тіркеу аяқталған соң пайдаланушының телефонына қабылдау күні, уақыты, бөлімшенің мекенжайы және талон нөмірі жазылған SMS хабарлама келеді.
Қабылдау мерзіміне үш күн қалғанда азаматқа қосымша ескерту жіберіледі. Егер жоспар өзгеріп кетсе, жазылымды жеке кабинет арқылы тоқтатуға немесе басқа уақытқа ауыстыруға мүмкіндік бар.
Ал белгіленген уақытта сараптамаға келмеген жағдайда электронды жазылым автоматты түрде жойылады. Бұл жөнінде де азаматқа хабарлама жолданады.
Министрліктің бұл бастамасы МӘС бөлімдеріндегі кезекті реттеуге және азаматтардың уақытын үнемдеуге бағытталған. Қызметті екі өңірде сынақтан өткізу нәтижелері негізінде жүйені кейін республика көлемінде қолдану мүмкіндігі қарастырылады.


