Павлодар облысындағы Ақсу-2 теміржол станциясының вокзалы заманауи талаптарға сәйкестендіріліп, жөндеу жұмыстары толық аяқталды. 1981 жылы салынған нысан теміржол вокзалдарын кезең-кезеңімен жаңарту бағдарламасы аясында қайта жөнделді.
Жаңғырту кезінде ғимараттың сыртқы келбетімен қатар, ішкі инфрақұрылымына да өзгерістер енгізілді. Вокзалдың шатыры мен қасбеті жаңартылып, ішкі бөлмелер қайта әрленді. Бұған қоса ғимараттағы су құбыры, кәріз және жылыту жүйелері ауыстырылып, электрмен жабдықтау мен әлсіз ток желілері ретке келтірілді.
Жолаушылардың вокзалға кіріп-шығуын және нысан маңында болуын ыңғайлы ету үшін іргелес аумақ та абаттандырылды. Бұл жұмыстар вокзалдың жалпы келбетін жақсартып қана қоймай, жолаушыларға көрсетілетін қызмет жағдайын көтеруге мүмкіндік берді.
Ақсу-2 станциясы теміржол желісіндегі II санатты нысандардың қатарына кіреді. Мұнда сегіз жолаушылар пойызы тоқтап, Ақсу қаласын еліміздің бірқатар ірі қалаларымен байланыстырады. Пойыздар Алматы, Астана, Павлодар, Семей, Өскемен және Маңғыстау бағыттарына қатынайды.
Жаңарған вокзал жолаушыларға қолайлы орта қалыптастырып, теміржол қызметін пайдаланатын қала тұрғындары мен қонақтарына сапалы жағдай жасауға мүмкіндік береді.


