Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігі Ресейдің Иркутск облысында тіркелген күдікке байланысты эпидемиологиялық жағдайды бақылап отыр. Ведомство мәліметінше, әзірге Қазақстан аумағында алаңдаушылық туғызатын жағдай тіркелмеген.
Мемлекеттік шекарадағы өткізу бекеттерінде санитариялық-карантиндік бақылау күшейтілген. Көлік қатынасының барлық түрі бойынша жолаушылар тексеріліп, дене қызуы жоғары немесе аса қауіпті инфекцияға тән белгілері бар адамдар анықталмаған.
Министрліктің алдын ала бағалауынша, инфекцияның ел аумағына әкеліну ықтималдығы төмен. Жағдайдың одан әрі өзгеруі көрші елден келіп түсетін ресми мәліметтерге қарай бағаланады.
Ресей тарапының қазіргі ақпараты бойынша, Иркутск облысында мамандар эпидемиологиялық тексеру жүргізіп жатыр. Аурудың нақты себебі әзірге түпкілікті расталмаған. Мамандар ықтимал инфекция көзі мен оқиғаның мән-жайын анықтауда.
Медициналық бақылауға 197 адам алынған. Алдын ала мәлімет бойынша, олардың ешқайсысында ауру белгілері байқалмаған және жүргізілген зертханалық талдаулар теріс нәтиже көрсеткен. Шелехов аудандық ауруханасында қажетті санитариялық және эпидемияға қарсы шаралар атқарылып жатыр.
Ресейдің Роспотребнадзоры 4 қазанда Иркутск облысы, Иркутск қаласы және Шелеховтағы санитариялық-эпидемиологиялық ахуал тұрақты екенін хабарлады. Ведомство бұл аумақта оба ауруы тіркелмегенін мәлімдеді.
Сонымен қатар Иркутск облысында 28 жастағы әйелдің өліміне қатысты тексеру жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда өлімнің алдын ала себебі этиологиясы анықталмаған пневмония ретінде көрсетілген.
Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігі азаматтарды тек ресми ақпаратқа сүйенуге шақырды. Шетелге барғаннан кейін денсаулыққа қатысты белгілер байқалған жағдайда медициналық ұйымға жүгініп, дәрігерге сапар болған ел мен мерзімі туралы ақпарат беру қажет.


