Қазақстанда Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіндегі заңсыз қаржы айналымына қатысты ірі алаяқтық схемалар әшкереленді.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, бірқатар медициналық ұйымдар көрсетілмеген қызметтер үшін мемлекет қаржысын заңсыз иемденіп келген.
Агенттік жүргізген тексерулер барысында 140 мыңға жуық азаматтың медициналық ұйымдарға жалған тіркелгені анықталды. Осылайша, медициналық мекемелер МӘМС қоры есебінен негізсіз төлемдер алып отырған. Қазіргі таңда аталған фактілер бойынша 36 қылмыстық іс тергелуде. Алдын ала есеп бойынша мемлекетке келтірілген шығын көлемі 3,5 миллиард теңгеден асады.
Тергеу материалдарына сәйкес, Түркістан облысындағы Жетісай көпсалалы аудандық ауруханасының лауазымды тұлғаларына қатысты да қылмыстық іс қозғалған. Тергеу барысында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында бөлінген қаражаттың іс жүзінде ешқандай қызмет көрсетпеген әрі тауар жеткізбеген 20-дан астам жеке кәсіпкердің есепшоттарына аударылғаны белгілі болды.
Анықталғандай, аталған кәсіпкерлердің медициналық мекемемен ешқандай келісімшарты болмаған. Олардың банктік деректемелері бюджет қаржысын заңсыз шығарып, кейін қолма-қол ақшаға айналдыру мақсатында пайдаланылған. Бұл іс бойынша мемлекетке келтірілген шығын көлемі 501 миллион теңгеден асып отыр. Қазіргі уақытта екі күдікті қамауға алынған.
Осындай заңсыз әрекеттер елордада да тіркелді. Сот үкімімен «Forte Clinic» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан заңсыз қаражат алу схемасын ұйымдастырғаны үшін бес жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар Денсаулық сақтауды дамытудың ұлттық ғылыми орталығының қызметкері азаматтарды клиникаға заңсыз тіркеуге өтінімдерді мақұлдағаны үшін үш жылға сотталды.
Тергеу мәліметінше, бұл схема арқылы клиникаға 15 мыңнан астам азамат заңсыз тіркелген. Бұдан бөлек, «Damu Med» ақпараттық жүйесінде 79 миллион теңгеге жалған медициналық қызмет көрсетілгені рәсімделген.
Ал Алматы облысында «Mydental.kz» және «Стоматология Dr. Nurzhanova» клиникаларының басшысы стоматологиялық қызмет көрсету барысында алаяқтық жасағаны үшін төрт жылға бас бостандығынан айырылып, оның мүлкі тәркіленді. Тергеу барысында пациенттерге нақты медициналық қызмет көрсетілмегені анықталды. Құжаттарды рәсімдеу кезінде дәрігерлердің тіркелгі жазбалары мен кәмелетке толмаған азаматтардың жеке деректері заңсыз пайдаланылған. Нәтижесінде жалған медициналық қызмет көрсетудің 4,5 мыңнан астам дерегі тіркеліп, мемлекетке 66 миллион теңге көлемінде шығын келген.
Қаржылық мониторинг агенттігі медициналық сақтандыру жүйесіндегі заңсыз әрекеттердің жолын кесу және кінәлі тұлғаларды жауапқа тарту бағытындағы жұмыстардың жалғасатынын мәлімдеді. Мамандардың айтуынша, мұндай құқық бұзушылықтар мемлекет қаржысына ғана емес, халықтың денсаулық сақтау жүйесіне деген сеніміне де елеулі нұқсан келтіреді.


