ЖЕТІСУ ОБЛЫСЫ – Жаркент қаласында бір ай бойы сауда орталығынан жүздеген шоколад ұрлаған еразамат ұсталды.
Полицияның мәліметінше, 41 жастағы қала тұрғыны дүкенге сатып алушы ретінде кірген. Бейнебақылау камераларындағы жазбаларға сәйкес, ол айналаны бақылап, шоколадтарды қалтасы мен сөмкесіне жасырып, кассадан төлем жасамай шығып кеткен.
Күдікті араға бірнеше минут салып қайта оралып, дәл осы әрекетін күніне бірнеше рет қайталап отырған. Кей күндері дүкенге 5–6 рет кіргені анықталған.
Бір ай ішінде сауда орнынан жалпы саны 625 дана шоколад ұрланған. Келтірілген материалдық шығын көлемі 530 мың теңгеден асты.
Жедел-іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлері күдіктіні анықтап, бөлімге жеткізді. Ол өз кінәсін толық мойындаған.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.


