ШЫМКЕНТ. Қоғамда үлкен резонанс тудырған Василий Колесниковтың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша сот тыңдалымы өтті.
Сот отырысында мемлекеттік айыптаушы алғашқы айыптау актісін жариялады.
Іс материалдарына сәйкес, айыпталушылар Арысбаев, Қызылбаев, Жұманазаров, Дауласов, Инкарбеков, Ерінбет және тергеу барысында жеке басы анықталған «Баха» есімді тұлға Колесниковке қатысты қылмыстық ниетпен алдын ала сөз байласқан деген нұсқа қаралуда.
Мемлекеттік айыптаушының айтуынша, топ мүшелері жәбірленушіні қасақана өлтіруге бағытталған жоспар құрған. Олар өз әрекеттеріне бөгде адамдардың қарсылық көрсетуі мүмкін екенін түсініп, қылмысты алдын ала ұйымдастырған деген айып тағылып отыр.
Жәбірленуші тараптың қорғаушысы прокурордың ұстанымын толық қолдайтынын жеткізді. Адвокат Талғат Есимовтің сөзінше, істің себептері бойынша түрлі болжам бар. Соның ішінде Колесниковтен кек алу немесе басқа адамды қорғау мақсатында жасалған болуы мүмкін деген нұсқалар да айтылған. Алайда нақты мән-жайды сот анықтауы тиіс.
«Колесниковті қаланың қақ ортасында ұрлап, аса қатыгездікпен өлтіргені – факт. Қылмысқа қатысы бар азаматтар заң алдында өз жазасын алуы керек деп есептеймін», – деді қорғаушы.
Алдын ала тыңдалым барысында тараптардың өтінішхаттары қаралып, негізгі сот талқылауының күні белгіленді. Атышулы қылмыстық іс бойынша сот процесі ашық режимде өтеді.
Жәбірленуші тарап соттан әділ шешім шығарып, қылмысқа қатысы бар барлық тұлғаның заң алдында толық жауап беруін талап етіп отыр. Айыпталушылардың кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен ғана түпкілікті анықталады.
Саят Айдосұлы

