Қазақстанның отын-энергетика кешенінде цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні енгізу жұмыстары күшейтіліп жатыр. Жаңа шешімдер өндірістегі тәуекелдерді алдын ала анықтауға, энергия ресурстарының шығынын азайтуға және нысандардың тиімділігін арттыруға бағытталған.
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің айтуынша, жасанды интеллект негізінде іске асырылып жатқан шешімдердің үш негізгі бағыты бойынша жыл сайынғы экономикалық әсері шамамен 23 млрд теңгеге бағаланып отыр.
Бұл жұмыстар Digital Qazaqstan стратегиясы аясында жүргізілуде. Министрлік 2029 жылға дейін цифрлық телнұсқа, жасанды интеллект және киберфизикалық қауіпсіздік бағыттары бойынша 20 іс-шараны жүзеге асыруды жоспарлаған. Негізгі мақсаттардың бірі – өндірістік нысандардағы апат санын 25 пайызға дейін азайтып, энергия ресурстарының шығынын 90 пайызға дейін қысқарту.
Қазіргі таңда энергетика саласында жасанды интеллектке қатысты 45 жобадан тұратын портфель қалыптастырылған. Оның 34-і қазір енгізу кезеңінде.
Мұнай-газ секторында жасанды интеллект мұнай өнімдерінің айналымын жоспарлау үшін пайдаланылуда. Бұл жүйенің болжам жасау дәлдігі 85 пайызға дейін жетеді. Жобадан жылына 22,5 млрд теңгеге дейін экономикалық нәтиже күтіледі.
Газ саласында технология тұтыну көлемін алдын ала болжауға мүмкіндік береді. Оның дәлдігі 86 пайызға дейін жетіп, жылдық экономикалық әсері шамамен 300 млн теңге болады деп болжануда. Ал өндірістік қауіпсіздікке бағытталған шешімдер өндірістегі оқиғаларды 78 пайызға дейін азайтуға мүмкіндік береді. Бұл бағыттан жылына шамамен 370 млн теңге экономикалық әсер күтіледі.
«Үш шешімнің жиынтық экономикалық әсері жылына шамамен 23 млрд теңгені құрайды», – деді Ерлан Ақкенженов.
Министрлік жыл соңына дейін уәкілетті мемлекеттік органмен бірлесіп, жасанды интеллект негізінде жүзеге асырылатын басым жобалардың тізілімін бекітуді жоспарлап отыр. Бұл тиімділігі дәлелденген технологияларды басқа кәсіпорындарға да енгізуге жол ашпақ.
Цифрлық телнұсқалар өндірісті тиімді басқаруға мүмкіндік береді
Саладағы маңызды бағыттардың бірі – цифрлық телнұсқа технологиясы. Ол өндірістік нысандарға қатысты әртүрлі деректерді бір жүйеге біріктіріп, қабылданатын шешімдердің ықтимал нәтижесін алдын ала бағалауға мүмкіндік береді.
«Ембімұнайгаз» кен орнында жүзеге асырылып жатқан пилоттық жоба аясында қабаттар, ұңғымалар және өндірістік инфрақұрылым жөніндегі ақпарат біріктірілуде. Технологияны кең көлемде енгізу нәтижесінде мұнай өндіру көлемін қосымша 2,9 млн тоннаға дейін арттыру көзделіп отыр.
Ал энергетика секторында Астана әкімдігімен бірлесіп елорданың энергетикалық кешенінің цифрлық егіздерін жасау жұмыстары жүргізілуде. Жоба нәтижесінде отын шығынын 2,5 пайыздан астам қысқарту жоспарланған.
Жабдықтар онлайн бақылауға алынады
Энергетикалық нысандардың қауіпсіздігін арттыру үшін жабдықтардың техникалық жағдайын қашықтан бақылау жүйесі де кеңейтіледі. Негізгі өндірістік жабдықтардың онлайн-мониторингпен қамтылу үлесін 2026 жылғы 20 пайыздан 2028 жылы 70 пайызға дейін жеткізу жоспарланып отыр.
Мұндай жүйе ықтимал ақауларды істен шығу орын алмай тұрып анықтап, жөндеу жұмыстарын алдын ала жоспарлауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар энергетикалық ресурстардың өндірілген сәттен бастап тұтынушыға жеткенге дейінгі қозғалысын бақылау тетігі енгізіледі. Бұл көрсеткішті 2026 жылғы 20 пайыздан 2028 жылы 80 пайызға дейін арттыру көзделген. Атап айтқанда, мұнай мен мұнай өнімдерінің ұңғымадан бастап жанармай құю стансасына дейінгі қозғалысын есепке алу жүйесін жетілдіру жоспарланып отыр.
Киберфизикалық қауіпсіздік те цифрландырудың негізгі бағыттарының бірі болып қала береді. Бұл жүйелер технологиялық нысандарды кибершабуылдардан қорғаумен қатар, олардың физикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Биыл Қазақ ұлттық университетінің базасында ENERFORT 2026 алғашқы салалық кибероқу-жаттығуы ұйымдастырылып, оған 120-дан астам маман қатысты. Мұндай оқу-жаттығуларды алдағы уақытта жыл сайын өткізу жоспарланған.


