Қазақстанда жоғары технологиялық инфрақұрылымды дамыту және жаңа цифрлық салаларды қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Екібастұзда қуаты кемінде 1 ГВт болатын «Деректер орталықтары алқабы» құрылып, спутниктік жүйелерді жаңғырту жобалары жүзеге асырылуда. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді.
Екібастұздағы жоба өңірдегі ірі есептеу қуаттары хабын қалыптастыруға бағытталған. Қазіргі уақытта оған қажетті жер телімі бөлініп, оператор белгіленген. Сондай-ақ ГРЭС-1-ден электр энергиясын жеткізуге арналған инженерлік инфрақұрылым жасалып, алғашқы нысандардың құрылысы басталған.
Жоба аясында деректер орталықтарын кезең-кезеңімен іске қосу жоспарланып отыр. 2027 жылы жалпы қуаты 186 МВт болатын орталықтар пайдалануға берілсе, 2028 жылдың екінші тоқсанында қосымша 109 МВт қуат іске қосылады деп күтілуде.
Бұдан бөлек, Firebird AI компаниясымен жалпы құны 10 млрд доллар болатын келісімдер топтамасына қол қойылған. Жобаға 20-дан астам халықаралық технологиялық компания мен инвестор қызығушылық танытып отыр.
Цифрлық инфрақұрылыммен қатар, Қазақстанда робототехника мен физикалық жасанды интеллект бағыттары да қолға алынған. Осы мақсатта Астана мен Алматы қалаларында екі зауыттың құрылысы жүргізіліп жатыр. Оларды келесі жылы аяқтау көзделген.
Ұшқышсыз ұшу аппараттары мен төмен биіктікте ұшу технологияларын дамыту жұмыстары да жалғасуда. Астана, Алматы және Қосшы қалаларында ұшқышсыз такси жобасы пилоттық режимде жүзеге асырылып жатыр. Ал Алматыда дрондармен тауар жеткізу бойынша сынақ жобасы іске қосылған.
Жоспарға сәйкес, 2027 жылы ұшқышсыз такси арқылы коммерциялық сапарларды бастау және дрондармен жеткізу қызметін кеңейту көзделген. Ал 2028 жылы аэротакси арқылы коммерциялық ұшуларды іске қосу жоспарланып отыр. Бұл жобаларды жүзеге асыру кезінде қауіпсіздік талаптары мен қажетті инфрақұрылымды дайындауға басымдық беріледі.
Ғарыш саласында да бірқатар маңызды міндеттер белгіленген. Қазіргі уақытта Қазақстандағы спутниктік байланысты KazSat жүйесінің екі аппараты қамтамасыз етіп отыр. Олардың қызметінен түсетін кіріс көлемі 72 млрд теңгені құрайды. 2029 жылға дейін KazSat-3R жаңа байланыс спутнигін жасау жоспарланған.
Жерді қашықтан зондтау бағытында үш спутник жұмыс істейді. Соңғы бес жылда ғарыштық мониторинг нәтижесінде ел экономикасына 977 млрд теңге көлемінде әсер келген. Алдағы уақытта осы бағытта тағы алты спутник жасап, 70 млн доллар көлемінде экспорттық түсім қамтамасыз ету көзделіп отыр.
Сонымен қатар 2030 жылға қарай халықаралық спутниктік топтастыру құрамындағы аппараттар санын 14-ке жеткізу жоспарланған. Бұл бастамалар Қазақстанның ғарыштық әлеуетін арттырып, цифрлық қызметтер мен жоғары технологиялар нарығын кеңейтуге мүмкіндік береді.


