Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Оман Сұлтаны Хайсам бен Тариқ Әл Саид шағын құрамда келіссөз өткізді. Кездесуде Қазақстан мен Оман арасындағы өзара байланыстарды кеңейту және жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.
Мемлекет басшысы Оман Сұлтанының Қазақстанға алғашқы мемлекеттік сапары екі ел арасындағы қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік беретін маңызды оқиға екенін атап өтті.
– Аса мәртебелі Сұлтан, елімізге алғаш рет мемлекеттік сапармен келген Сізді қарсы алу – мен үшін үлкен мәртебе. Мұның тарихи мәні ерекше екеніне сенімдімін. Өйткені бұл елдеріміз арасындағы сан қырлы ынтымақтастықты жандандырып, жаңа деңгейге көтеруге жол ашады. Бұған дейін атап өткендей, өзара ықпалдастықтың әлеуеті мол. Мұны толығымен іске асыру қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Қазақстан мен Оманның өзара тиімді серіктестікті одан әрі дамытуға мүмкіндігі мол екенін айтып, екі ел арасындағы сенімді байланысты нығайтуға баса мән беретінін жеткізді.
– Қазақстандықтар еліңізге ерекше құрметпен қарайды. Оманға саяхаттап барған азаматтарымыздың қатары қалың. Алайда Маскатты, Оманның басқа да қалаларын көрмеген отандастарымыз бар. Елдеріміз арасында қосымша тікелей коммерциялық әуе рейстері ашылса, барыс-келіс әлдеқайда жандана түсері сөзсіз, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Оман Сұлтанының сапары аясында Доңға мұнай кен орнына қатысты маңызды келісімге қол қойылғанына да тоқталды.
– Сіздің сапарыңыз аясында Доңға мұнай кен орнына қатысты маңызды келісімге қол қойылғанынан хабардармын. Бұл да қос тараптың өзара қарым-қатынасты ілгерілетуге мүдделі әрі дайын екенін көрсетеді. Мұны ортақ жетістігіміз деп санаймын, – деді Президент.
Кездесу барысында тараптар екіжақты қатынастардың экономикалық әлеуетін тиімді пайдалану, іскерлік және туристік байланыстарды кеңейту мәселелеріне назар аударды.
Мемлекет басшысы Қазақстанның Оманмен өзара тиімді әрі ұзақ мерзімді ынтымақтастықты дамытуға дайын екенін атап өтті.


