Қазақстандағы мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында, мектептер мен колледждерде балалардың жеке қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған сабақтардың мазмұны жаңартылды. Жаңа бағдарламаға күнделікті өмірде және интернет кеңістігінде кездесуі мүмкін қауіп-қатерлердің алдын алуға арналған 140-тан астам тақырып енгізілді.
Оқу-ағарту министрлігі бұл бастаманы ЮНИСЕФ және тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп әзірледі. Жаңартылған материалдар балалардың жас ерекшеліктеріне сәйкес дайындалып, олардың қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыруға бағытталған. Бағдарлама аясында жеке басын қорғау, цифрлық сауаттылық, құқық бұзушылықтардың алдын алу, төтенше жағдайлар кезіндегі әрекеттер және денсаулықты сақтау мәселелері қамтылған.
Мектепке дейінгі ұйымдарда тәрбиеленетін балаларға бейтаныс адамдармен қарым-қатынас кезінде сақтық таныту, қауіп төнген жағдайда ересектерден көмек сұрау және адасып қалған кезде дұрыс әрекет ету жолдары түсіндіріледі. Бұл кезеңде балаларға қауіпсіздік ережелері қарапайым әрі түсінікті түрде үйретіледі.
Бастауыш сынып оқушыларына жеке шекараны сақтау, интернетті қауіпсіз пайдалану, күмәнді сілтемелерді ажырату және бөгде адамдармен онлайн байланыс орнату кезіндегі сақтық шаралары түсіндіріледі. Сонымен қатар өрт шыққан жағдайда ғимараттан қауіпсіз шығу, эвакуация тәртібін сақтау және төтенше жағдай кезінде өзін қалай ұстау керектігі қарастырылады.
Орта буын оқушыларына арналған сабақтарда буллинг пен кибербуллингтің алдын алу, интернет-алаяқтықтан қорғану, жеке деректерді жария етпеу және жалған ақпаратты ажырату мәселелеріне басымдық беріледі. Бұдан бөлек, дипфейктерді тану, жасанды интеллект құралдарын жауапкершілікпен пайдалану және желідегі ақпараттың шынайылығын тексеру жолдары үйретіледі.
Жоғары сынып оқушылары мен колледж студенттеріне қаржылық қауіпсіздікке қатысты тақырыптар да ұсынылады. Олардың қатарында дропперлік, заңсыз қаржы операцияларына тарту, «оңай ақша табу» туралы ұсыныстар, қаржылық және еңбек алаяқтығы бар. Сондай-ақ қауіпті онлайн-таныстықтар, груминг, сталкинг, бопсалау, манипуляция және жастарды құқыққа қайшы әрекеттерге тарту тәуекелдері талқыланады.
Бағдарламада балалар мен жасөспірімдердің психологиялық және физикалық қауіпсіздігіне де назар аударылған. Қысым көрсету, қорқыту, ақша талап ету немесе қудалау жағдайларында дұрыс шешім қабылдау, өз құқықтарын қорғау және сенімді ересектерге, тиісті мамандарға жүгіну жолдары түсіндіріледі.
Жеке қауіпсіздік сабақтары апта сайын сынып сағаттары немесе кураторлық сағаттар аясында 10 минуттан өткізіледі. Оқу барысында теориялық түсіндірумен қатар, нақты өмірлік жағдайларды талдау, қауіптің алдын алу жолдарын анықтау және практикалық тапсырмаларды орындау қарастырылған.
Жаңартылған сабақтардың негізгі мақсаты – балалардың қауіп-қатерді дер кезінде танып, өз қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауына жағдай жасау. Сонымен бірге оларды қиын жағдайда көмек сұрауға, дұрыс шешім қабылдауға және жеке шекарасын қорғауға дағдыландыру көзделген.
Понедельник, 26 октября


