Шымкенттегі Bal Carpet кілем фабрикасы отандық полипропиленді пайдалану арқылы өндіріс шығындарын азайтып, өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттырып келеді. Қазақстанның оңтүстігіндегі полипропилен өңдейтін ірі кәсіпорындардың бірі саналатын фабрика 2023 жылдан бастап жергілікті шикізатқа көшті. Бұған дейін өндіріс қажеттілігіне пайдаланылатын полипропилен Ресей мен Қытайдан жеткізілетін.
Қазіргі таңда кәсіпорын KPI өндірген PP H253 FF/7 маркалы полипропиленін қолданады. Шикізаттан алдымен полипропилен жібі дайындалып, кейін ол кілем тоқу үдерісіне жіберіледі. Өндірістік желілер минутына 2 600 метрден астам жіп шығаруға қауқарлы. Ал фабриканың жылдық өндірістік көлемі 6 млн шаршы метрден асады.
Отандық шикізатты пайдалану кәсіпорынның экономикалық көрсеткіштеріне оң әсерін тигізді. Атап айтқанда, кілем өнімдерінің өзіндік құны 15–20 пайызға төмендеп, нарықтағы бәсекеге қабілеттілігі артты. 2024–2025 жылдары Bal Carpet KPI кәсіпорнынан 2 800 тоннадан астам полипропилен сатып алған.
Бүгінде фабрика 1 500-ден астам түрлі өнім шығарады. Оның тауарлары Қазақстан аумағындағы және шетелдердегі 400-ден астам сауда нүктесінде ұсынылған. Сонымен қатар кәсіпорын Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан, Моңғолия және Қытай нарықтарына өнім жеткізеді. Өндіріс орны 600-ге жуық адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
Bal Carpet – KPI-мен тұрақты серіктестік орнатқан 181 кәсіпорынның бірі. Бұл көрсеткіш отандық полипропиленге деген сұраныстың артып келе жатқанын аңғартады. Салыстырмалы түрде, 2022 жылы KPI зауыты іске қосылған кезеңде тұрақты клиенттер саны 15 кәсіпорынды ғана құраған.
Воскресенье, 25 октября


