Астананың «Нұра» ауданында 1200 оқушыға арналған жаңа мектеп салынып жатыр. Жобаны іске асыруға Арнаулы мемлекеттік қордан 7 млрд теңге бөлінді.
Қазіргі уақытта нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Мектеп құрылысын келесі жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Жаңа білім беру нысанын салу қажеттілігі елордадағы халық санының өсуіне байланысты туындап отыр. Қазіргі таңда құрылыс аумағында төрт мемлекеттік мектеп — №84, №85, №89 және №97 мектептері жұмыс істейді. Дегенмен, оқушы орындарының тапшылығы сақталуда.
Жаңа мектептің іске қосылуы қолданыстағы білім беру ұйымдарына түсетін жүктемені азайтып, балаларға сапалы білім алуға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Жоба Үкіметтің әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту және азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру жөніндегі жұмысы аясында жүзеге асырылуда. Мектеп құрылысына қайтарылған активтерден түскен қаражат бағытталды.
Жалпы, Үкімет 610 млрд теңгеден астам сомаға 500-ден аса әлеуметтік жобаны қаржыландыруды мақұлдады. Бұл қаражат еліміздің барлық өңірлерінде білім беру, денсаулық сақтау, спорт және коммуналдық инфрақұрылым нысандарын салуға әрі жаңғыртуға бағытталуда.
Білім беру саласында жалпы құны 64,4 млрд теңгені құрайтын 17 жобаны іске асыру мақұлданды. Аталған қаражат жаңа білім беру нысандарын салуға және балалар мен жастардың білім алуына заманауи жағдай жасауға жұмсалады.


