Алматы облысының Іле ауданында Kusto Logistics компаниясының ірі көлік-логистикалық кешені іске қосылды. Жаңа орталық жүктерді қабылдау, сақтау, өңдеу және әрі қарай тасымалдау қызметтерін атқарады.
Аумағы 26,5 гектардан асатын мультимодальды кешен теміржол инфрақұрылымын, контейнерлік алаңды, екі қойманы, жүк тиеу-түсіру орындарын, автомобиль логистикасын және басқару орталығын біріктіреді. Бұл туралы Алматы облысының әкімдігі хабарлады.
Терминал жылына 100 мыңға дейін контейнер өңдеуге қауқарлы. Жоба аясында 100 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Кешен құрылысына 28,1 млрд теңге инвестиция тартылды.
Нысанның ашылу салтанатына Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, Kusto Group компаниясының тең құрылтайшысы әрі акционері Қанат Көпбаев, жобаға қатысқан компаниялардың өкілдері мен сала мамандары қатысты.
Марат Сұлтанғазиев жаңа логистикалық орталықтың өңір үшін маңызы зор екенін атап өтті. Оның айтуынша, кешен жаңа жұмыс орындарын ашуға, шағын және орта бизнестің дамуына, салық базасын кеңейтуге және облыс экономикасының өсуіне ықпал етеді.
Kusto Group компаниясының тең құрылтайшысы әрі акционері Қанат Көпбаев компанияның құрылғанына биыл небәрі үш жыл болғанын атап өтті. Соған қарамастан, осы уақыт ішінде бірқатар ірі жобаны жүзеге асырып үлгергенін айтты.
Іс-шара барысында қонақтарға логистикалық кешеннің жұмысы таныстырылды. Сондай-ақ терминалдан алғашқы контейнерлік пойыз жолға шықты. Осылайша нысанның операциялық қызметі басталды.
Кешен айына 111 мың тоннадан астам жүк өңдей алады
Логистикалық орталық аумағында жүк көтеру мүмкіндігі 45 тонна болатын арнайы кран орнатылған. Ол сағатына 25 контейнерге дейін өңдей алады.
Кешеннің жалпы қуаты айына 111 мың тоннадан астам жүкті өңдеуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар орталық аумағында астық терминалының құрылысы басталды. Жоба аяқталғаннан кейін нысан 14 мың тоннаға дейін ауыл шаруашылығы өнімін сақтай алады.
Жобаның құрылысын EPC тәсілімен Coteccons KZ компаниясы жүзеге асырды.
Жаңа логистикалық орталық Алматы облысының жүк тасымалдау мүмкіндігін кеңейтіп, тауарларды қабылдау, сақтау және әрі қарай жөнелту үдерісін жеңілдетуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ нысан Қазақстанның сауда байланыстарын дамытуға және кәсіпкерлер үшін жүк тасымалдау үдерісін тиімді ұйымдастыруға ықпал етпек.


