Қазақстандағы тау-кен өндірісі – ұлттық экономиканың ең бәсекеге қабілетті және қарқынды дамып келе жатқан стратегиялық секторы. Өнеркәсіп елдің жалпы экспорттық кірісінің айтарлықтай бөлігін қамтамасыз етеді.
Ел аумағында мыс, марганец, хром, қорғасын, көмір және алтын сияқты бағалы қазбалардың мол қоры шоғырланған. Сонымен бірге сирек кездесетін металдар қоры жағынан Қазақстан жетекші елдердің алдыңғы қатарынан орын алады. Елімізде литий, бериллий, тантал, ниобий, молибден және вольфрам қорлары мол. Әлемдік нарықта көршіміз Қытай сирек жер металдардың 70 пайызын өндірсе, өңдеудің 85-90 пайызын бақылап отыр. Бұл металдар жаңартылатын энергетика, электроника, электромобиль өндірісі мен ғарыш саласында стратегиялық маңызға ие. Бүгінде әлемде сирек кездесетін металдар үшін бәскелестік пен ымырассыз күрес жүріп жатыр. Қазақстан бұл тұрғыда өз мүмкіндіктерін пайдаланып қалуы керек-ақ.
Елімізде жаңадан құрылған «Әділет» партиясы жоғарыда аталған мәселеге тереңнен қарайды. Сондықтан да болар «Әділет» партиясының Төрағасы Айбек Дәдебай еліміздегі тау-кен металлургия кешені кәсіпорындарының басшыларымен бірге мемлекет органдардың және салалық қауымдастықтардың өкілдерімен кездесті. Жиында сирек кездесетін түсті металдардың нарықтағы сұранысының артуына орай, аталмыш саланы дамыту, отандық кәсіпорындарға қолдау көрсету, жаңа өндіріс орындарын ашу, шикізатты терең өңдеу, инженерлік кадрлар даярлау сынды өзекті мәселелер талқыланды.
Жиынды ашқан Айбек Дәдебай (суретте) Қазақстанның минералды шикізат қоры аса бай екенін тілге тиек етіп, саланың әлеуеті ең алдымен ел экономикасын дамыту жолында қызмет етуге тиіс екенін айтты.

«Бұл – тек экономикалық мәселе емес. Бұл – әділдік мәселесі. Жер байлығы халықтың әл-ауқатына айналуға тиіс. Сондықтан «Әділет» партиясы терең өңдеу ісін дамытуға, жаңа өндіріс орындарын ашуға және жоғары деңгейде өңделген өнім көлемін ұлғайтуға бағытталған Президенттің стратегиялық бағдарын толық қолдайды», – деді Партия төрағасы.
Айбек Арқабайұлының айтуынша, табиғи ресурстарды пайдалану тәсілін өзгерту қажет. Мемлекет шикізатты экспорттап, сол шикізаттан өндірілген дайын өнімді сатып алып отырған кезде негізгі табыс, жаңа өндірістер мен жұмыс орындары Қазақстаннан тыс жерде қалыптасады. Сондықтан шикізатты терең өңдеу ісін дамыту қадамы өнеркәсіп саясатының негізгі басымдықтарының біріне айналуға тиіс.
Еліміздегі пайдалы қазбаларды геологиялық барлау, өндіру, өңдеу және сатумен айналысатын «Тау-Кен Самұрық» ұлттық тау-кен компаниясының мәліметінше, өткен жылы тау-кен металлургия кешені мемлекеттің жалпы ішкі өнімінің шамамен 8 пайызын қамтамасыз еткен. Өндірілген өнім көлемі 14 трлн. теңгеден асып, экспорт көлемі 21,4 млрд. АҚШ долларын құраған екен. «Тау-Кен Самұрық» ҰТК» АҚ басқарма төрағасы Нариман Абсаметов бүгінде тау-кен металлургия кешені мемлекет үшін стратегиялық маңызға ие болыр отырғанын айтты.
«Сирек кездесетін минералдарға қолжетімділік мемлекеттің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын маңызды факторлардың біріне айналып отыр. Қазақстан бірегей минералды шикізат базасына ие және оны тиімді игеру қадамы еліміздің әлемдік нарықтағы позициясын нығайтуға мүмкіндік береді», – деді Нариман Абсаметов.
Жиын барысында сала өкілдері бірқатар жүйелі мәселені көтерді. Атап айтқанда, Тау-кен өндіруші және тау-кен металлургиялық кәсіпорындардың республикалық қауымдастығының атқарушы директоры Николай Радостовец теміржол тасымалы сала үшін стратегиялық маңызға ие екенін атап өтіп, транзиттік тасымалдан түсетін кірістерді бөлудің неғұрлым теңгерімді тәсілін қарастыруды ұсынды.
«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі саланы одан әрі дамыту мәселесі мемлекет, бизнес және қоғам арасындағы тұрақты өзара іс-қимылды талап ететінін атап өтті.
«Әділет» партиясының Іскерлік кеңесі отандық өнеркәсіпті дамытуға және Қазақстан экономикасын нығайтуға бағытталған бастамаларды әзірлейтін тиімді алаңға айналатынына сенімдімін», – деді Руслан Өскенәлі.
Қатысушылар кәсіпорындарды жаңғырту, инвестиция тарту және білікті кадрлар даярлау мәселелеріне де ерекше назар аударды. Кездесуге қатысушылар табиғи ресурстар жаңа өндірістерді іске қосуға, заманауи технологияларды енгізуге және жаңа жұмыс орындарын ашуға негіз болуға тиіс екенін айтты.
«Qarmet» АҚ басшысы Вадим Басин кәсіпорында жүргізіліп жатқан ауқымды жаңғырту жұмысы туралы айтып, қауіпсіздікке, еңбек жағдайына және кәсіби кадрларға инвестиция салмайынша өндірісті дамыту мүмкін емес екенін жеткізді.
«Өнеркәсіп секторы үшін әділдік – адамның еңбегін құрметтеу деген сөз. Кәсіпорын қауіпсіздік есебінен емес, өз алдына дамуға тиіс. Инвестиция тек жабдықтарға ғана емес, адамдарға да бағытталуы керек», – деді Вадим Басин.
Кездесу соңында Айбек Дәдебай бүгінде саланы дамыту мәселесін талқылап қана қоймай, оның жүзеге асырылуын қамтамасыз ету аса маңызды екенін түсіндірді. Ол алдағы уақытта «Әділет» партиясы тау-кен металлургия саласын дамытуға арналған бірыңғай бастамалар топтамасын әзірлейтінін мәлімдеді. Оның негізіне бизнес өкілдерінің, салалық қауымдастықтардың және сарапшылар қоғамдастығының ұсыныстары енгізіледі.
«Бүгін нақты әрі шын мәнінде аса маңызды өте көп ұсыныс айтылды. Олардың әрқайсысы жан-жақты қаралып, жүйеленіп, Іскерлік кеңестің алдағы жұмысының бір бөлігіне айналады. Біздің міндетіміз – бизнес пен мемлекет арасындағы диалогтың күн сайын жалғасуын қамтамасыз ету», – деп түйіндеді халықшыл партияның Төрағасы.
Жиын соңында «Әділет» партиясының жаңа мүшелеріне партиялық билеттер табысталды.
«Adilet.tv»- ақпарат


