Шымкентте Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының күшіне енуіне арналған дөңгелек үстел өтті.
Маңызды жиынға зиялы қауым өкілдері, жоғары оқу орындарының ректорлары мен профессор-оқытушылар құрамы, мәслихат депутаттары, басқарма басшылары, қоғамдық ұйымдар мен жастар қатысып, жаңа Ата Заңның ел дамуы үшін маңызы кеңінен талқыланды.
Дөңгелек үстел барысында жаңа Конституцияның құқықтық мемлекет қалыптастырудағы, заң үстемдігін нығайтудағы, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудағы, білім, ғылым және инновацияны дамытудағы тарихи рөлі жан-жақты сөз болды. Сондай-ақ азаматтық қоғамның мемлекет басқару ісіне қатысу мүмкіндіктерін кеңейту, қоғамдық келісім мен бірлікті нығайту бағытындағы жаңа конституциялық қағидаттарға ерекше назар аударылды.
Іс-шара аясында еліміздің инженерлік әлеуетін дамытуға елеулі үлес қосып жүрген жас ғалым Дина Нұржанбайқызына Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Алғыс хаты мен Қазақстанның жаңа Конституциясының арнайы басылымы салтанатты түрде табысталды.


