Ішкі істер министрлігінде жалға берілетін электрлі самокаттарды пайдаланушыларға арналған жаңа ережелерді түсіндірді.
1 шілдеден бастап жалға берілетін электрлі самокаттарды пайдалануға қатысты жаңа талаптар күшіне енді.
Сонымен:
- Самокатқа тіркеу нөмірі беріледі. Осылайша заң бұзған самокаттар камералар арқылы анықталмақ.
- Самокатты қолданатын азаматқа сақтандыру полисі міндеттеледі. Ал кикшеринг компаниялар электрсамокаттардың техникалық жағдайын қамтамасыз етуге, олардың жылдамдығы мен орналасқан жерін бақылауға, белгіленген жерде жылдамдықты автоматты түрде шектеуге, оларды ретсіз қалдыруды болдырмауға, самокаттардың есебін жүргізуге, қажетті мәліметтерді ішкі істер органдарына жолдауға міндетті.
- Самокатты пайдаланушының жүргізуші куәлігі болмаса, ол жүріс жолымен жүрмеуі тиіс. Мұны сервис қатаң бақылауы қажет. Еске саламыз, электрлі самокаттар велосипед жолымен немесе велосипед жолағымен жүруі керек. Немесе жолдың оң жақ шетімен, жол жиегімен, тротуармен немесе жаяу жүргіншілер жолымен қозғалуға болады.
- Тротуарда жүрген кезде жылдамдық сағатына 6 шақырымнан аспауы тиіс. Алайда 25 тамыздан бастап электрлі самокаттардың тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолдарымен жүруіне тыйым салынады. Жолдың жиегімен жүруге тек 18 жасқа толған, жүргізуші куәлігінің кез келген санаты және арнайы шлемі бар адамдарға ғана рұқсат етіледі. Электрлі самокатпен жолаушыларды, жүктерді тасымалдауға және жаяу жүргіншілер өткелі арқылы самокаттан түспей жолды кесіп өтуге, сондай-ақ қараңғы уақытта жарық қайтаратын элементтерсіз автокөлік жолымен жүруге тыйым салынады.


