Түркістан облысында тұрғындарды жеке қабылдау жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Бүгін Азаматтарды қабылдау орталығында облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков өңір тұрғындарын жеке қабылдап, олардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады.
Қабылдауға келген азаматтар жер қатынастары және ауыл шаруашылығы салаларына қатысты мәселелерді көтерді.
Сарыағаш ауданының тұрғыны білім ордасының құрылысын жүргізу үшін Төлеби ауданынан жер телімін бөлуді сұранса, келесі азаматтар жерді заңдастыруға қатысты сұрақтарымен жүгінді.
Ордабасылықтар жеңілдетілген несие рәсімдеу мен егістікке су жеткізу барысында туындаған мәселелерді ортаға салып, шара көруді сұранды.
Шымкент және Алматы қаласынан азаматтар өтініштері мен ұсыныстарын бейнебайланыс арқылы жеткізді.
Қабылдау барысында көтерілген мәселелер жан-жақты талқыланып, заң талаптарына сәйкес түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Облыс әкімінің орынбасары жауапты басқармалар мен аудан әкімдіктеріне тиісті тапсырмалар беріп, орындалу барысын бақылауына алды.
Түркістан облысында тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдау, оларды заң аясында шешу бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.
Айта кетейік, облыс әкімінің және оның орынбасарларының жеке қабылдауына жазылуды Түркістан облысы әкімі аппаратының өтініштерді қарауды бақылау бөлімі жүргізеді. Қабылдауға egov.kz порталы, е-otinish бірыңғай базасы және Азаматтарды қабылдау орталығына келіп, жазбаша өтініш тастау арқылы жазылуға болады.


